Шетелдік инвесторлар біздің банк секторындағы бардакты көріп отыр - сарапшы

Кәмшат Тілеухан 08 қаз. 2024 09:56 921

"Енді мемлекет бұрынғыдай проблемалық банктерді құтқармайды". Осындай тұжырымға жетелейтін күз айларында бірнеше оқиға орын алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

ӘЛҚИССА

Атап айтсақ, біріншіден,  күзде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті Жолдауында "Банктер туралы" жаңа заң қабылдау қажеттігін айтты. Сол кезде кейбір сарапшылар мұндай заң қабылданса, ол әлеуметтік әділеттілікке әкеледі, яғни олигархтар банк секторындағы биліктен айырылады деген пікірдің шетін қылтитты.

Екіншіден, көп ұзамай Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық банктің қаулысымен халықаралық агенттіктердің кредиттік рейтингтер бөлігінде шетелдік сатып алушылар мен қазақстандық банктердің иелеріне қойылатын талаптарды белгілейтін анықтамаларды дайындады.  Онда шетелдік инвесторлардың қазақстандық банктерді сатып алуы үшін жағдайларды жеңілдету шаралары қарастырылған. Яғни, біздегі кейбір банк шетелдіктерге сатылуы мүмкін. Мәселен, Береке банкті арабтар сатып алып жатқаны туралы мәлімет бар.

Үшіншіден, 1 қазанда Қазақстандағы Халықаралық валюта қоры миссиясының басшысы Николя Бланше мемлекет проблемалық банктерді құтқаруды доғаруы керек деген мәлімдеме жасады. Артынша Bank RBK-нің сатылуы мүмкін екендігі туралы сыбыс шықты (іле-шала аталған банк бұл ақпаратты жоққа шығарып, ресми мәлімдеме жасады). Расында, бұл жайттар банк секторында болатын үлкен өзгерістерден хабар бере алады ма? Осыны білмек ниетте Dalanews.kz қаржыгер-маман Ілияс Исаевты сұқбатқа тартты.

Ілияс Исаев бүгіндері болып жатқан құбылыстар 30 жыл бойы қалай болса, солай пайда тауып, иесіз ақшаларды пайдаланып келген банк секторында абдырау пайда болғанын білдіретінін айтады. Алайда, маманның пікірінше, банк секторында бүгін-ертең үлкен реформа жүріп, жағдай бірден өзгереді деу ақымақтық.

Біздің банктердің басым бөлігі заңды жолмен дүниеге келмеген

"Өнеркәсіп ошақтарын, ауылшаруашылығын, тағысын тағы коммерциялық банктер өз бесігінде тұншықтыруда" деп біз кезінде дабыл қақтық. Оны елеген ешкім болмады. Олар аласапыран кезде қарпып-тарпып, талан-таражға түскен осындай дүниенің арқасында туындады. Жекешелендіру деген аты ғана болды. Әйтпесе, кеңес заманынан қалған мемлекеттік мүлікті, тағысын тағы ат төбеліндей топ өзара бөліп алды. Сол капиталдың арқасында банктер пайда болды. Олардың қорында сол заманнан қалған-құтқан активтер әлі бар. Соны қаны таусылғанша сорып бағуда. Бірақ, түбі олардың да таусылатын күні келеді ғой. Соған өзі жақындап қалдық. Дегенмен банк басшылығында жүрген тұлғалардың ойлау қабілеті бұрынғы деңгейде қала береді. Өз ауласындағыны күйттегеннен ары асы алмайды. Мұндайда реформа тиімділігі туралы айтудың өзі артық", - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, шетелдік инвесторлардың біздің банктерге қызығатын жөні бар.

"Олар біздің банк секторындағы "бардакты" көріп отыр. Мархаббат, валюта бағамы айырмасынан спекульяция жасап, пайда таба бер! "Әй, қой" деп жатқан ешкім жоқ. Олар да мұндай оңай әрі жеңіл пайдаға қызығады. Сондықтан шетелдік банктер біздің нарыққа келсе, жағдай жақсарады деген бос сөз", - дейді қаржыгер-маман.

Сондай-ақ Ілияс Исаев ел экономикасының даму заңдылығы әлі күнге бір жолға дұрыстап қойылмағанын өкінішпен атап көрсетеді.

"Мысалы, ел экономикасы жақсы дамуы үшін еңбек өнімділігінің өсу қарқыны  жалақының өсу қарқынынан ілгерілеп (озып) отыруы керек. Нақты сектордан мұны біз байқап отырғанымыз жоқ. Ал квазимемлекеттік секторда, яғни ұлттық компания менеджерлері, акционерлері әлі күнге дейін жыл соңында зор сомада бонус алады. Бұл көзге бірден түсетін барып тұрған бассыздық.  Үлкен мінберлерде осыны сынаған болады, айтқан болады, бірақ осыған дейін жағдай бір рет те өзгерген емес", - дейді ол.

Ұлттық қордан шығарылған ақша қайда кетті?

Қаржыгер Ұлттық банктің Ұлттық қордан шығарып жатқан орасан сомадағы ақшасын да сөз етті.

Айта кетсек, 2024 жылғы қазан айында Ұлттық банк Ұлттық қордан 1,4 млрд АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта шығарып, сатпақшы. Сондай-ақ республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін қыркүйекте Ұлттық қордан 945 млн АҚШ долларына валюта сатылғаны да хабарланған.

"Бұл арада орасан сома туралы сөз болып отыр. Заңдылық бойынша мұндай ақша ел экономикасына құйылғанда оның бірден жақсы белгілері көрініс табуы тиіс. Бірақ оны біз көріп отырғанымыз жоқ. Керісінше, инфляция қыркүйек айында 8,3% құрады. Бағалар тоқтаусыз өсіп жатыр. Сонда бұл ақша қайда кетті, соған маман ретінде мен де аң-таңмын" деген сарапшы бұл реттегі Ұлттық банк түсініктемесінің өзі үстірт екенін айтады.

"Бұл арада "анда жібердік, мында бағыттадық" деген есеп үшін айтылған сыдыртпа сөз. Оған бұл саланы жетік білмейтіндер ғана сенуі мүмкін енді", - дейді ол.

Сөз соңында қаржыгер-маман түптің түбінде экономика заңдылығы – өндірістік капитал өз дегенін жасататынын айтады.

- Экономиканың қатаң заңдылықтарына өміршең әрі нарыққа шын бейімделген банктер төтеп беріп, түптің түбі іріктеліп шығады. Бірақ ол уақыт әлі келмеді, - дейді Ілияс Исаев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар