Қазан айында Ұлттық қордағы 1,4 млрд долларды сату жоспарланып отыр. Бұған не түрткі?

Кәмшат Тілеухан 01 қаз. 2024 11:13 1154

2024 жылғы қазан айында Ұлттық банк Ұлттық қордан 1,4 млрд АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта шығарып, сатпақшы. Бұл туралы бүгін Ұлттық банктің қыркүйектегі валюта нарығындағы хал-ахуалы жөнінде жариялаған есебінде көрсетілген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ұлттық банк мәліметінше, қыркүйек айының қорытындысы бойынша 1 АҚШ долларының ұлттық валютаға шаққандағы бағамы  481,11 теңгені құрап, теңге 0,1%-ға нығайды. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 210 млн АҚШ долларынан 221 млн АҚШ долларына дейін артты. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 4,7 млрд АҚШ долларын құрады.

"Республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін қыркүйекте Ұлттық қордан 945 млн АҚШ долларына валюта сатылды. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 20%-ын және күніне 45 млн АҚШ долларынан аспайтын мөлшерді құрады. Ұлттық банк Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде нарықтың бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын ұдайы және біркелкі сатуды білдіреді. Мұндай тәжірибе Ұлттық қор операцияларының валюта нарығына әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді", делінген ресми хабарламада.

Ұлттық банк БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 40%-ға дейін ұлғайту мақсатында қыркүйекте биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алу операциясын жалғастырды. Оның жалпы сомасы 500 млн АҚШ долларын немесе нарықтың жалпы көлемінің шамамен 11%-ын құрады.

"Ұлттық қорға "Қазатомөнеркәсіп" АҚ-тың акцияларын сатып алу туралы Үкімет шешімін іске асыру аясында Ұлттық банк шілдеде Ұлттық қордағы валюталық активтердің бір бөлігін сату арқылы алтын-валюта резервтеріне конвертациялады. Нарықтың бейтарап қағидатын сақтап, осы операцияны валюта нарығына шығару үшін Ұлттық банк шілде айының ортасынан бастап сатып алынған көлемді біркелкі сатуға кірісті", - дейді орталық реттеуші орган.

Аталған операция аясында Ұлттық банктің алтын-валюта резервтерінен сату көлемі қыркүйекте 241,5 млн АҚШ долларын құрады. 2024 жылғы қазанда 240 млн АҚШ долларынан 260 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде алтын-валюта резервтерінен валюта сатып алу күтілуде.

"Республикалық бюджетке трансферт бөлуге Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері бойынша 2024 жылғы қазанда Ұлттық банк Ұлттық қордағы 1,3 млрд АҚШ долларынан 1,4 млрд АҚШ долларына дейінгі мөлшердегі валютаны сатуды көздейді. 2024 жылғы қазанда БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұстап тұру үшін 850 млн АҚШ долларынан 950 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатып алу жоспарда бар", - деп түсіндіреді мұны Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар