Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстаудағы тарихи нысанға жасалған әрекетке қатысты қатаң шара қабылдауды талап етті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Президент қоғамдағы вандализм мәселесін көтеріп, тарихи-мәдени мұраларға зиян келтіру жағдайларының көбейгенін айтты.
"Біз ойы озық, өркениетті ел боламыз десек, ең алдымен қоғамдағы кез келген мәдениетсіз әрекетке, жабайы жүріс-тұрыс пен тұрпайы тағылыққа, яғни, вандализмге түбегейлі тосқауыл қоюымыз керек. Өкінішке қарай, соңғы уақытта тарихи және мәдени нысандарға қасақана зиян келтіру жағдайлары жиілеп кетті. Мысалы, жақында ғана Маңғыстау облысының Ыбықты сай шатқалында болған оқиға бойынша тиісті өкілетті органдар қатаң құқықтық қорытынды шығаруы керек", - деді ол.
Президент мұндай заңсыз әрекеттерге қоғам болып қарсы тұру қажет екенін атап өтті.
"Біз тұтас қоғам болып осындай заңсыз әрекеттерге үзілді-кесілді қарсы тұруымыз қажет. Заңды құрметтеу, табиғатты аялау, жауапкершілік, жасампаз патриотизм қағидаттары қоғамдық санада түбегейлі орнығуға тиіс. Бұл қасиеттер азаматтарымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың дүниетанымы кең, мінез-құлқы дұрыс адам ретінде қалыптасуына негіз болуы керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.