Халықаралық Fitch Ratings рейтинг агенттігі Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін "BBB" деңгейінде сақтап, болжамын "тұрақты" деп бағалады, деп хабарлайды dalanews.kz qara_aqqu арнасына сілтеп.
Агенттік мәліметінше, Қазақстанның кредиттік рейтингі елдегі халықаралық резервтердің жоғары көлемі мен мемлекеттік қарыз деңгейі төмендігіне байланысты қалыптасқан.
Fitch Ratings бағалауынша, 2025 жылдың соңында алтынды қоса есептегендегі жалпы халықаралық резерв көлемі 65,4 млрд доллар болған. Ал 2026 жылы мамырда бұл көрсеткіш 67,6 млрд долларға дейін өскен. Ұлттық қордың валюталық активтері мамырдың аяғында 66,4 млрд долларға (жалпы ішкі өнімнің 18 пайызы) жетіп, былтырмен салыстырғанда 6,8 млрд долларға артқан.
Агенттік сарапшыларының болжамынша, 2026-2028 жылдары Қазақстан экономикасының өсімі жылына 4 пайыз деңгейінде болады. Бұл 2025 жылғы 6,5 пайыздық өсіммен салыстырғанда төмен. Бұған мұнай өндіру көлемі тұрақтауы әсер етеді.
Экономикалық белсенділікті мұнайдан бөлек салалар да қамтамасыз етіп отыр. Олардың қатарында көлік, өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету саласы және мемлекеттік инвестициялар бар.
Сонымен қатар, Fitch Ratings Қазақстанда инфляциялық қысым сақталатынын атап өтті. Бұған үкіметтің квазимемлекеттік операциялары мен азық-түлік бағасы жоғары болуы әсер етіп отыр. Дегенмен агенттік 2026-2027 жылдары инфляция біртіндеп төмендейді деп болжап отыр.