Freedom Inside '26

Тоқаев Бельгия премьерімен кездесті

Тоқаев Бельгия премьерімен кездесті
Akorda.Kz

Бельгияға ресми сапармен барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия Премьер-министрі Барт де Вевермен кездесіп, саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мемлекет басшысы Бельгияны Қазақстанның Еуропалық одақтағы негізгі серіктестерінің бірі деп атады. Оның айтуынша, соңғы 20 жылда Бельгиядан Қазақстан экономикасына тартылған тікелей инвестиция көлемі 15 млрд долларға жеткен.

«Қазақстанда бельгиялық капиталдың қатысуымен 110-нан астам компания жұмыс істейді. Бұл өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға деген ортақ ұмтылысты көрсетеді. Танымал бельгиялық компаниялар біздің елдің нарығына көптеп келіп жатыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 580 млн доллардан асқан.

Кездесу барысында көлік-логистика, аса маңызды минералдар, мұнай-химия, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, цифрлық трансформация, жасанды интеллект және қаржы салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері қаралды.

Өз кезегінде Барт де Вевер Бельгияның Қазақстанмен стратегиялық серіктестікті кеңейтуге мүдделі екенін айтты.

«Бельгия екіжақты қарым-қатынасты одан әрі тереңдетуге және стратегиялық серіктестік аясын кеңейтуге ниетті», – деді Бельгия премьер-министрі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия Королі Филипптің биыл Қазақстанға жасайтын мемлекеттік сапарына ерекше мән беретінін атап өтті.

«Қос мемлекет арасындағы қатынастар тарихында алғаш рет Король Филипптің Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуі екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтереді деп сенемін», – деді Мемлекет басшысы.

Президент Барт де Веверді Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырып, премьер-министр бұл ұсынысты ықыласпен қабыл алды.