Шерзат ісі: күдіктілердің туған күн тойлаған видеосынан кейін 16 қызметкер жұмысынан босатылды

Қаракөз Амантай 18 ақп. 2025 22:08 1406

Ішкі істер министрлігі Талғарда Шерзат Болаттың ісі бойынша айыпталып отырған күдіктілердің видеосынан кейін тексеру жүргізді. Олар уақытша ұстау изоляторында туған күн тойлап, жұрттың ашуын туғызған еді. Тексеру нәтижесінде бірнеше қызметкер жұмысынан босатылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ресми дерекке сүйенсек, бейнежазбаны бұрынғы изолятор қызметкері жеке телефонына түсірген көрінеді. Ол қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін жұмысынан босатылып, арнайы атағынан айырылды. Сонымен қатар бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Министрліктің мәліметінше, 16 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылып, қызметінен қуылды. Олардың қатарында изолятор бастығы да бар.

Осы оқиғадан кейін изолятордағы қауіпсіздік талаптары күшейтіліп, қосымша бейнемониторинг енгізілді. Еліміздегі басқа да уақытша ұстау изоляторларында жоспардан тыс тексерулер басталды.

Айта кетейік, Шерзаттың өліміне қатысы бар деген күдіктілердің изоляторда туған күн тойлаған видеосы әлеуметтік желілерде тарап кеткен еді.

Бұл жағдай қоғамда тағы да резонанс туғызды. Артынша Алматы облысының Полиция департаменті мән-жайды түсіндірді.

"Уақытша ұстау изоляторынан бір тұтқынның туған күнін атап өтуі бейнеленген видеоның таралу фактісі бойынша жан-жақты тексеру жүргізілуде. Барлық кінәлі тұлғалар, соның ішінде басшылық та, қатаң жауапкершілікке тартылады. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынды. Осы құқық бұзушылыққа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою бойынша шаралар қабылданды", — деп мәлімдеді полиция.

Кейін Шерзат Болаттың ісі бойынша күдіктілерден ұялы телефон, Алиса құрылғысы тәркіленген. Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты мәлімдеді.

Адвокаттар құқық қорғау органдарына сұрау жіберген. Желіде тараған оқиға Еңбекшіқазақ ауданындағы уақытша ұстау изоляторында болған.

Адвокат Ерлан Адаевтың сөзінше, бұл жағдай бойынша құзырлы органдардан толық ақпарат сұратқан.

"Еңбекші қазақ ауданындағы лауазымды тұлғаларға қатысты қызметтік тексеріс аяқталды. Қорытынды Алматы облысысың полиция департаментіне жіберілді. Іске қатысты лауазымды тұлғалардың бәрі де анықталды. Олар тәртіптік комиссия шешімімен жазаға тартылады. Тергеу изоляторында қолданылған заңсыз заттардың бәрі – мобильді телефон, Яндекс-колонка тәркіленіп, қызметтік тергеу матерталдарына тіркелді. Бейнебақылау камераларының жазбалары зерттелді", – деген ол.

Еске салайық, 2024 жылы 4 қазанда Талғарда 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат қаза тапты. Араға біраз уақыт салып Шерзаттың ағвсы Нұрқанат Ғайыпбаев та өлі табылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар