Сауранбаев ҚТЖ-ның модернизациялау жұмыстарына БЖЗҚ-дан ақша алмағанын айтты

Кәмшат Тілеухан 19 там. 2025 13:58

"Қазақстанда теміржол желісінің тозуы 57% -ды құрайды. Тар учаскелерді жөндеп, кеңейту жұмыстарына шамамен 1 трлн теңге жұмсалады". Осындай есеппен көп алдына шыққан шенеуніктерден журналистер "Қазақстан теміржолы қайта жаңғырту жұмыстарына БЖЗҚ-дан тағы ақша алады ма" деген сұрақты төтесінен қойып көрді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

ҚТЖ басшысы Талғат Алдыбергенов өздерінде БЖЗҚ ақшасын пайдалану ойларында жоқ екенін айтып, бұл мақсаттар үшін шетелдік банктерден субсидияланған несиелер тартылып жатқанын жеткізді.

Ал компанияның экс-басшысы, қазіргі Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев оны ақпарат алаңында біраздан бері "жүзіп жүрген үйрек (жаңсақ пікір қалыптастыру үшін қасақана сыбыс тарату)" деп атады.

"Бірақ оның сирағы қай жақтан қылтиып шығып тұрғанын білетін секілдіміз. "Шар-Өскемен" деген жеке жоба бар, меніңше, осы бағытта мемлекет-жекеменшік әріптестігі бойынша жеке компания БЖЗҚ мен Қазақстанның инвестициялық қорының ақшасын тартқан.  Бұл - өз жобасына ақша алған жеке компания. ҚТЖ ақшасында тікелей БЖЗҚ-дан тартылған ақша жоқ. Біз зейнетақы ақшасын тікелей алмаймыз", - деді Сауранбаев.

Бұған дейін БЖЗҚ дефолтқа жол берген компания құнды қағаздары бойынша 2,5 млрд теңге төлемді өндіріп алғанын жазғанбыз.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар