Сарапшы қазақ халқын тепкілеген қымбатшылыққа түрткі басты факторларды атады

Кәмшат Тілеухан 09 қыр. 2025 12:23

"Инфляция қазақты жоңғардан артық жылатты десем артық айтпаймын. 2020 жылғы пандемиядан бері қымбатшылық кәдімгідей ата жауымызға айналып, бес жыл бойы атысып келеміз. Президент те қолына мылтық алуға мәжбүр. Жолдауда Мемлекет басшысы экономикамыздың жетістігін жоққа шығарып, халық табысын жеп жатқан жоғары инфляция туралы ашық және ашына айтты". Осылай деген қаржы саласының маманы Айбар Олжаев біздің ең әлсіз тұсымыз - инфляция мәселесіне егжей-тегжей тоқталып, өмірден бірқатар мысалдар келтірді, деп жазады Dalanews.kz.
 
Оның айтуынша, экономикада төрт негізгі параметрдің үшеуінде біз жақсы келе жатсақ, төртінші параметр - инфляцияда сүрініп жатырмыз.
"Мен Алматыда тұрамын. Күнде түскі асты нөмірі 12 қалалық емхананың асханасында ішемін. Палау, винегрет пен каркаде алғанда 1820 теңге төлейтінмін. Ал өткен аптада ол 1920 теңгеге қымбаттай салды. Біздің тілімізше бұл бір аптада палау мен винегрет инфляциясы 5,5 пайызды көрсетті деп оқылады", - дейді ол.
 
Осы қымбатшылық неден шықты және оны тоқтату мүмкін бе?
 
Қазақстан жерде жеке тұрған жалғыз мемлекет емес. Айналамызда біз сияқты басқа да елдер бар. Сондықтан алдымен маман тек қана жалғыз бізде ғана қымбаттап жатыр ма, осыны анықтап алу керектігін айтады. Жалпы, жанымыздағы елдер мен біздің экономикалық жағдайымыз қалай, айырмашылықтары бар ма? Қымбатшылықтың түп-төркінін түсіндіру үшін бізге бұл жағдаймен танысу бәрібір керек болады.
"Әр елдің минус плюстарын саралап отыратын BofA агенттігінің өткен аптадағы есебіне сәйкес, Қазақстан Еуразия кеңістігінде жылдам өсіп жатқан экономикалардың ондығына енді. Жалпы ішкі өнімнің өсімі 5,7% деңгейінде бағалануда. Салыстыру үшін: Чехия – 39-орында (1,9%), Польша – 23-орында (3,3%), Өзбекстан – 9-орында (5,9%). Бұл бірінші фактор – өсім. Екінші фактор – фискалды жағдай. Біз өткенде сөз еткен бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімнің 2,7 пайызын құрайды. Ол бойынша біз 16-шы орында тұрмыз. Мысалы Польшада дефицит - 6,2%, Румынияда - 8,5%. Үшінші фактор – мемлекеттік қарыз. Мемлекеттік қарыз деңгейі бойынша Қазақстан 2-ші орында. Бізде қарыз жалпы ішкі өнімнің небәрі 20,4%-ын құрайды. Бірінші орында мемлекеттік қарызы тіпті аз Кувейт қана тұр. Қалған елдердің ішкі жалпы өнімге шаққандағы қарыз деңгейі Қазақстаннан анағұрлым нашар. Төртінші фактор - инфляция. Бұл Қазақстанның ең әлсіз тұсы. BofA Қазақстандағы инфляцияны 10,4% десе де, осы айдағы қымбатшылық көрсеткіші 12 пайыздан асып кетті. Қымбатшылық бойынша біз 37-ші орындамыз. Мысалы, Әзірбайжанда инфляция 5,7%, Арменияда 3,2%, Парсы шығанағы елдерінде тіпті 1–2% ғана. Бесінші фактор - сыртқы баланс. Әзірге ағымдағы шот тапшылығы жалпы ішкі өнімнің 3,4%-ын құраған. Бұл бойынша біз 27-ші орындамыз. Яғни, бізге кіріп жатқан капиталға қарағанда, Қазақстаннан шығып жатқан капитал көп. Бұл теңгеге жаман әсер етеді", - дейді Айбар Олжаев.
 
Еуразиялық аймақ көзімен алғанда, Қазақстан қарызы аз, экономикасы өсіп жатқан, бірақ инфляциясы тоқтамай тұрған ел болып көрінеді. Маман басқа елдерді бекер саралап айтпағанын, қымбатшылық бүкіл Еуразияның проблемасы ма, әлде бұл Қазақстанның ішкі бір феномені ме, соны анықтау үшін қарастырғанын айтады.
"Каспидің арғы жағындағы Әзірбайжанда қымбатшылық бізден екі есе аз, ал Арменияда үш есе аз. Өзіміздің жақын көршілерді алатын болсақ, Өзбекстандағы қымбатшылық бізбен бірдей, ал Қырғызстан мен Тәжікстанда бізден екі есе аз. Солтүстіктегі Ресейде қазір инфляция 8,3 пайыз. Бұл бізден кішкене азырақ. Тамыз айының қорытындысы бойынша Қазақстандағы жылдық инфляция 12,2 пайызға дейін өсіп отыр. Бұл былтырғы тамыздан 0,6 пайыз деңгейінде жоғары. Тіпті, тамызда қымбатшылық оның алдындағы маусым-шілде айларынан да жоғары болып артып кеткен. Халықфинанс, басқа да сарапшылардың зерттеуінше тамыз айындағы айлық инфляцияның өсуі ең алдымен ақылы қызметтер секторындағы бағаның жеделдеуімен байланысты болды. Бұл жерде өсім қарқыны шілдедегі 0,5% деңгейімен салыстырғанда 1,4% жетті. Бұған дейін сарапшылар тарифтердің өсімі жыл соңына дейін баяулайды деп болжаған еді, алайда тамызда тұрғын үй қызметтері, су, электр энергиясы, газ және өзге де отын түрлері бойынша бағалар шілдедегі 0,5%-дан 2,9%-ға дейін көтерілді. Бұл ақпан айынан бергі ең жоғары айлық өсім болды, ол кезде көрсеткіш 3% болған еді", деп нақтылайды маман.
 
Жылдық мәнде ақылы қызметтер бойынша баға деңгейі шілдедегі 14,9%-дан тамызда 15,3%-ға дейін өсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен едәуір жоғары. Ең жоғары өсім қарқыны суық суға (95,4%) және газға (27,7%) тиесілі болды. Үкіметтің коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуін шектеу туралы шешіміне қарамастан, тұрғын үй қызметтерінің бағасы айтарлықтай өсті. Соның нәтижесінде олардың жылдық инфляцияға қосқан үлесі шілдедегі 1,77 деңгейінен тамызда 1,96-ға дейін ұлғайды.
 
"Бұл ақылы қызмет, әсіресе коммуналды қызметтегі тарифтердің өсуі. Бірақ бұл бір жағы ғана. Екінші бізге соққы тамақ жағынан келді. 2025 жылғы тамызда азық-түлік инфляциясының жылдық мәні 11,7% болып отыр. Бұл жоғары көрсеткіш. Қымбатшылық кәдімгідей бар. Азық-түлік компонентінің жылдық инфляцияға қосқан үлесі 4,85%-ға дейін өсіп, өткен жылғы көрсеткіштен екі еседен артық болды. Бағаның өсуіне ең көп үлес қосқан – ет пен ет өнімдері тобы (1,9%). Ет бағасы жылдық мәнде 16,2%-ға көтерілді, бұл көрші елдердің нарықтарында қазақстандық етке сұраныстың жоғары болуымен байланысты. Маусымдық жеміс-жидек пен көкөністің түсіміне қарамастан, осы сегменттегі баға өсімі 13,5% құрады. Бұдан бөлек, майлар мен тоң майлар бағасының айтарлықтай қымбаттауы тіркелді (+20,5%). Оған жоғары экспорттық сұраныс, шикізат пен өндіріс шығындарының артуы себеп болды", деген маман үшінші соққы жанармайдан келгенін де нақтылайды. 
 
2025 жылдың басында Қазақстанда бензин мен дизель отынына мемлекеттік баға реттеуі ресми түрде жойылды. Жыл басында сол кезде АИ-92 маркалы бензиннің литрі 203 теңге тұрған. Бүгінде сол марканың бір литрі 228 теңге болып отыр. Үкімет бағаның бар болғаны литріне 5 теңгеге ғана қымбаттайтынын болжаған еді. Алайда баға литріне 25 теңгеге өсті.
"Сонымен, нақтыланып алайық. Биыл Қазақстандағы қымбатшылық үш қазықтан тұрады. Біріншісі тарифтер, екіншісі тамақ, үшіншісі бензин. Ал келесі жылы қымбатшылықтың төртінші қазығы пайда болады. Ол бәріне жаппай енгізілетін қосымша құн салығы. Менің осының барлығын айтып отырғаным, бұл салдары ғана. Енді нақты себептерін талқылайық. Неге бізде күн сайын, жыл сайын, ай сайын баға қымбаттай береді? Қазақстан 2014 жылдан бері қымбатшылықпен өзіне белгілі әдіспен ғана күресті. Ал ол баяғы кеңестен қалған әкімшілік-әміршілдік әдіс еді. Жаңағы саудагерді шақырып алып, "сен бағаны өсірме" деп бұйрық беру. Немесе әкімнің телеарнаны шақырып алып, өтірік базар аралауы. Бірақ нарық заманында мұндай бағыт мүлде жұмыс істемейді. Дұрыс емес. Оған қарсы жауап ретінде саудагерлер қолдан жасалған дефицит туғызады да, тауарларын өзіне керек бағада астыртын сата береді. Бірақ енді олар болашақтағы тағдырынан қорқып, өздерінің тәуекелдерін де ойлап, аз уақыттың ішінде барынша тез пайда табуға тырысып, тауар мен қызметті мүмкіндігінше қымбаттатады. Себебі, ертеңге деген сенім жоғалады. Бізде тура сондай жағдай орын алды. 10 жылдан бері осындай режимде келдік. Мемлекет мұның дұрыс еместігін биыл ғана түсініп, мысалы қолдан дефицит жасап келе жатқан жанармай сатқыштарды қадағалауды қойды. Олар қазір бензинді қымбаттатады. Ал халық, әсіресе таксистер жауап ретінде ертең электромобильдерге өтеді, сосын сұраныс азайып, бәсеке көбейіп, бензин бағасы нарық жағдайында өз қалпына келуі тиіс", - дейді Айбар Олжаев.
Ал тарифтер неге қазір қымбаттауда?
"2018 жылы біз үлкен қателік жібердік. Оған үкімет те, табиғи монополистер де кінәлі. Ол жылдары біздің барлық коммуналды жүйелеріміз, электр генерациясы, жылыту қазандықтары, оның құбырлары, жерасты коммуникациялар, барлығы тозып тұрған еді. Сол кезде дұрыс бастама көтеріліп, "тариф инвестицияға" жобасы қолға алынды. Яғни тарифтер көтерілуі тиіс, бірақ содан түскен ақшаға табиғи монополистер барлық инженерлік жүйені, құрылғыларды жаңалауы тиіс еді. Бірақ ішкі механизм дұрыс болмай, табиғи монополистер түскен ақшаны модернизацияға емес өздеріне айлыққа, бонусқа жарата бастады. 2018 жылы Бас прокуратура осыны анықтап, жаңағы жобаны жауып тастады да, тарифті өсіруге тиым салды. Бірақ құрылғыларды, құбырларды жаңалау проблемасы ешқайда кеткен жоқ қой. Сол себепті, өзі ескіріп, тесілейін деп тұрған құбыр тағы алты жыл әбден шыдап, 2023 жылдан бастап барлығы жарыла бастады. 2025 жылы біз осы жобаға қайтып келуге мәжбүрміз. Тарифтерді өсіру арқылы ғана жүйелерді, құбырларды жаңалай аламыз. Басқа ақша жоқ. Бірақ енді монополистер айлыққа, бонусқа ұрлай алмайды. Енді модернизацияны кредит алып жасайды. Ал тарифтен түскен ақша сол кредитті жабуға тікелей жіберіліп отырылады", - дейді маман.
Бағдарламаға сәйкес тарифтер кезең-кезеңімен артып отырады, ал 2026 жылға қарай жалпы өсім 30%-ға жетеді деп күтілуде. 2025 жылдың жазы бойынша коммуналдық қызмет тарифтерінің орташа жылдық өсімі шамамен 16%-ды құрады. Оның ішінде суық су 97%-ға, жылыту 19,2 пайызға, газ 15,5 пайызға, электр энергиясы 11,3 пайызға, тұрғын үйді күтіп-ұстау 11,9 пайызға қымбаттады. Үкімет жаңа тарифтерді біртіндеп енгізуді жоспарлап отыр. Ең ауыры келесі жылы келеді. Келер жылы тарифтер 20–30%-ға көтерілуі тиіс.
 
"Осыдан 10 жыл бұрын біз бұл мәселені шешіп тастай алмадық. Сондықтан енді бізге не дым жоқ, не сәл қымбат деген екі вариант қана берілетін болады. Су мүлде жоқ, бірақ ештеңе төлемейсіз. Немесе су бар, бірақ ол кешегіден қымбат. Сіз қай вариантты таңдайсыз? Әрине су бар, бірақ сәл қымбат деген вариантқа амалсыз көнесіз. Егер біз қазір тарифті қымбаттатып, содан түскен ақшаға барлығын ауыстырып, жаңалап алмасақ, ертең су да, жарық та болмайды".
Оның айтуынша, қымбатшылықтың үшінші қазығы – азық-түлік.
"Мұнда екі құбылысты айтар едім. Иллюзияны қою керек. Қазақстан өзін толықтай азық-түлікпен қамтамасыз етпейді. Әйтпесе бір жылда 4 миллиард долларға шетелден азық-түлік импорттамайтын едік. Сол 4 миллиард доллар импортты тамақтың тең жартысы, яғни 2 миллиард доллардың асы Ресейден келеді. Рубльдің курсы теңгеге шаққанда көтерілген сайын, бұл бір, Ресейдің өзінің 8-9 пайыздық инфляциясын қосыңыз, бұл екі, сонда жыл сайын импорттық тағамның тең жартысы 15-16 пайызға қымбаттауда. Ал Ресейден басқа елдерден келетін тамақ импортына теңгенің долларға жыл басынан бері 2 пайызға құнсыздануы мен доллардың өзінің 4 пайыздық инфляциясын қосыңыз. Шамамен 6 пайызға қымбаттау тіркей аламыз. Екінші құбылыс. Ет пен дақылдардың экспорты. Қазақстан азық-түлікті импорттап қана қоймайды. Қазір біз аграрлы экспортты мемлекетпіз. Әсіресе ет мәселесіне келгенде қымбатшылықтың негізгі себебі – біздің фермерлер үшін ет пен малды ішкі нарыққа емес, экспортқа шығарып сату анағұрлым тиімді және пайдалы болып отыр. 12 ай бойы еңбек етіп, малын өсіріп, терін төккен шопанға «шетелге қымбатқа сатпа, ішкі нарыққа арзан сат» деп қалай айта аламыз? Қазірдің өзінде мемлекет тірі бұқаларды сыртқа экспорттауға тиым салып отыр. Ет бағасын қолдан ұстап тұру үшін. Ал ол бұқалардың стейкке арналған түрін өсіретін, элиталық бұқа өсірушілерге ауыр тиюде. Оны ішкі нарыққа сойып сатса, ешкім оның стейк ретіндегі жоғарғы маркасына қарамайды, кәдімгі ет ретінде алайын деп тұр", деген маман бұл мәселе шешімін де алға тартады.
Қазақстандағы қымбатшылықты тоқтату мүмкін бе?
 
Тарифтер бойынша мүмкін емес. Коммуналды желілерді толық жаңалап алмайынша 5-6 жыл шыдау керек. Бірақ шынымен де, тарифтерден түскен ақшаның мақсатты жұмсалып жатқанын микроскоппен қадағалап тұру керек. Бензин бойынша нарық өз орнына қояды. Дефицитті азайту үшін BYD сияқты Қытайдың арзан көліктерін көптеп пошлинасыз кіргізіп, такси, яндекс барлығын осы электромобильдерге ауыстырып тастау керек. Ал азық-түлік бойынша. Өндіріс ашып, тамақтың бәрін өзіміз өндіре беру керекпіз.
 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ШОС саммитінде Қазақстан үшін Қытайдың барлық инвестициялық қорларын ашып келді. 15 миллиард долларға нақты инвестициялық контракттар жасалды. Осыны пайдаланып, еліміздің ауыл шаруашылығын жаңа сатыға көтеріп алуымыз керек. Ендігі инвестицияны жаңа энергетика мен ауыл-шаруашылығына жұмсай берсек, біз екі жылдан кейін қымбатшылықты тоқтатамыз.
 
"Экономиканың төресі – мінез-құлық экономикасы. 2017 жылы Ричард Талер осы мінез-құлық экономикасын зерттегені үшін Нобель сыйлығын алды. Құрметті оқырмандар! Біздің барлығымыз өмір бойы қымбатшылықты көргеннен кейін, ылғи қымбатшылық болатынына, теңгенің құлдырай беретініне ДНК деңгейінде әбден үйреніп алғанбыз. Бұл қоғамдық шартты рефлекске айналды. Ал империкалық зерттеулер мынаны дәлелдеп отыр: ешқандай экономикалық фундаменталды себеп болмаса да, егер бүкіл қоғамның, экономикалық агенттердің инфляция бойынша болжамы мен күтулері жоғары болса, инфляция өз-өзімен пайда болады екен. Оны мен морковча салатын сататын кәріс апа туралы мысалмен келтіре кетсем. Базарда салат сататын көрші апамыз 30 жыл бойы сауда жасады. Биыл қайтыс болды. Ол кісі бастаған 90 жылдары, әрине қымбатшылық зор болды, аренда шарықтап қымбаттады, сәбіз қымбаттай берді, рэкетирлер мазаны алды. Сондықтан апа жыл сайын салатты 50 пайызға қымбаттатып келді. Және соған үйреніп қалды. Бірақ соңғы 5 жылда шикізат ретіндегі сәбіздің де бағасы, аренда да ары кетсе жылына 5 пайызға көтеріліп отырды. Бірақ апаның әдеті қалып қалды да, ол соңғы 5 жылда ешқандай фундаменталды негізсіз өз өнімін артық 45 пайызға қымбаттата берді. Ол апаға үйреніп қалған клиенттері де қанша қымбат болса да салатты сатып алып жүре берді. Осылай, жоқ жерден белгілі бір базарда морковча салатының негізсіз инфляциясы пайда болды. Қымбатшылықтың фундаменталды экономикалық негізі бар және экономика түсіндіре алмайтын эмоционалды психологиялық негізі бар. Қазақстанда ол 50 де 50 деп ойлаймын. Яғни, қымбатшылықтың жартысы біздің басымызда, ал екінші жартысы шын мәнінде қымбаттап жатқан ет пен бензинде", деп сөзін түйіндейді Айбар Олжаев.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар