Freedom Inside '26

Қазақстанда жанармайды шетелге заңсыз әкетудің 700-ден астам әрекеті әшкереленді

Қазақстанда жанармайды шетелге заңсыз әкетудің 700-ден астам әрекеті әшкереленді
Фото: drive2.ru

Қазақстанда жанармайдың елден заңсыз шығарылуына қарсы күрес жалғасып жатыр. Жыл басынан бері шекара бекеттерінде жанармайды шетелге заңсыз алып өтпек болған 712 әрекет тоқтатылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Энергетика министрлігі енгізген уақытша тыйым кезінде жанармайды сыртқа шығарудың алты заңсыз жолы анықталып, 1,5 мың тоннадан астам өнім тәркіленген.

Биыл осыған байланысты сегіз қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде есепке алынбаған 28,5 мың тонна мұнайды заңсыз өңдеу және 190 мың тоннадан астам бензинді шетелге жасырын тасымалдау деректері бар. Мамандардың мәліметінше, мұндай заңсыз сауданың көлемі 37,2 млрд теңгеден асқан.

Құқық қорғау органдары жанармай тасу үшін көліктерге қосымша бак орнату фактілерін де анықтап жатыр. Мәселен, Жамбыл облысында сәуірдің соңынан маусымның ортасына дейін осындай 73 жағдай тіркелген. Қордай ауылындағы 16 автосервис тексеріліп, алтауының иелеріне қатысты шара қолданылған.

Қаржылық мониторинг агенттігі мұнай өнімдерін шетелге шығаруға байланысты жалған құжаттарды анықтау жұмыстарын жүргізуде. Жыл басынан бері 57 тексеру ұйымдастырылып, мұнай өнімдерінен сынамалар алынған.

Құзырлы органдардың айтуынша, бұл шаралардың барлығы ішкі нарықта жанармай тапшылығына жол бермеу және ел тұрғындарын тұрақты қамтамасыз ету үшін қолға алынып отыр.