Танымал әнші Тоқтар Серіков әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың жеке концертінде сөз сөйлеп, оның төңірегіндегі дауға қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Malim.kz хабарлауынша, өнер иесі досының жеке өміріне байланысты тараған әңгімелерге тоқталып, көпшілікті сабыр сақтауға шақырды.
Тоқтар Серіков ел арасында танымал адамдардың өмірі жиі талқыға түсетінін айтып, көпшілік жақсы көрген тұлғасын кейде өзі сынап, кейін қайта қолдауға тырысатынын жеткізді.
"Өзіміз жақсы көреміз, өзіміз өсек қыламыз. Өзіміз жаралаймыз. Жарасынан қаны аққан кезде қайтып танып, емдеп аламыз. Бұл қазақтан басқа халықта жоқ қасиет. Өздеріңіз жаралап алған үлкен құстың жарақатын қайтадан өздеріңіз жазыңыздар", – деді әнші.
Сондай-ақ ол өзіне қатысты да түрлі пікірлер айтылатынын әзілмен жеткізді. Өнер иесі адамдарды бір-бірін тірі кезінде бағалап, жақсы сөз айтуға шақырды.
"Мені де дымымды қалдырмай жазып жатады: "қатынын мақтай береді" деп. Жалғыз маңдайға біткен бір қатыным, не істеймін енді? Өлгеннен кейін емес, тірі кезімізде бір-бірімізге жақсы адам деп айтайық", – деді Тоқтар Серіков.
Желі қолданушылары әншінің бұл сөзіне қатысты түрлі пікір білдірді. Бірі оның айтқанын орынды деп қолдаса, енді бірі Тұрсынбек Қабатовқа қатысты жағдайды ақтауға болмайтынын жазды.
"Жаным Тоқтар аға, аман болыңызшы", "Өте ақылды азамат", "Айтқаныңыз орынды, бірақ Мөлдірді жылатқаны дұрыс емес", "Міне, нағыз азамат" деген пікірлер қалдырғандар бар.