Ішкі істер министрлігі қоғамдық орындарда азаматтардың бет-жүзді тануға кедергі келтіретін киімдерді киюге тыйым салу талабын сақтауын қамтамасыз етуді жалғастыруда, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл норма "Құқық бұзушылық профилактикасы" заңының 75-бабы 3-тармағында көзделген. Адамның түр-сипатын көзбен тануға кедергі келтіретіндей дәрежеде бетті жабатын киімдерді кию құқық бұзушылық болып саналады. Тыйым ауа райы жағдайларына және медициналық ұсынымдарға қатысты қолданылмайды. Сондай-ақ қызметтік міндеттерді атқару, спорттық және мәдени іс-шараларға қатысу кезінде де тыйым салынбайды. Жауапкершілік Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-3-бабында белгіленген. Атап айтқанда, алғашқы құқық бұзушылық үшін ескерту қарастырылған. Бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
– Тыйым тек қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталғанын және бет-жүзді жасыратын кез келген киім түріне қатысты қолданылатынын атап өтеміз. Ішкі істер органдары Заң мен Тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырып, азаматтарды қоғамдық орындарда белгіленген ережелерді сақтауға шақырады, – деді ІІМ.