"Самұрық-Қазына" оңтайландыру міндеттері аясында еншілес құрылымы - "Самұрық-Қазына Бизнес Сервис" ЖШС-ін таратпақ, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Болат Жәмішевтің төрағалығымен қордың қоғамдық кеңесінің жаңартылған құрамдағы отырысы өтті. Жиынға қор басшылығы, қоғамдық кеңес мүшелері, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Шарада 2024 жыл бойынша қор қызметінің қорытындылары мен 2025 жылға арналған жоспарлары талқыланды. Қор басшысы Нұрлан Жақыповтың мәлімдеуінше, мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту тапсырмасы аясында Басқарма қор құрылымын әрі қарай оңтайландыру туралы шешім қабылдаған. Осыған байланысты қордың еншілес ұйымы "Самұрық-Қазына Бизнес Сервис" ЖШС-ін тарату туралы мәселені директорлар кеңесінің қарауына ұсыну жоспарланып отыр. "Самұрық-Қазына" қор тобындағы активтердің тиімділігі мен олардың құнын арттыру, сондай-ақ, бейіндік емес активтерден арылу бойынша жұмыстарды жалғастыруда", – деді Нұрлан Жақыпов.
Компанияны тарату қолданыстағы заңнамамен бекітілген тәртіп пен мерзімде жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, ол 2021-2024 жылдары "Самұрық-Қазынаның" орташа жылдық табысының өсімі 13%-ға жеткенін, 2024 жылы қор мемлекет пайдасына 1,354 трлн теңге төлегенін, бұл портфельдік компаниялардан түскен дивидендтер сомасынан 6 есе көп екенін еске салды.
Айта кетсек, 2024 жылы 27 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қорын реформалау барысына көңілі толмайтынын жеткізген.
"Самұрық-Қазына" алдына қойылған басты міндет – қорды реформалау. Десе де бұл бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесін табысты деп айтуға келмейді. Әрине, біршама ілгерілеу бар, бірақ атқарар іс әлі де ауқымды. Біз ақпан айында қордың қызметін арнайы талқылайтын боламыз" – деді Тоқаев.
Негізі, "Самұрық-Қазына" АҚ 2008 жылы құрылған. Қордың басқаруында Air Astana, "Қазақтелеком", "Қазатомөнеркәсіп", "ҚазМұнайГаз", "Қазпошта", "Қазақстан темір жолы" және KEGOC сияқты елдегі стратегиялық маңызы бар ірі компаниялар бар. Президенттің айтуынша, оларды жаңғырту мен тиімділігін арттыру – экономиканың өсіміне ықпал ететін маңызды шаралардың бірі болмақ.