ҚР Қаржы министрлігі салықтарды тексерудің жанама әдісін енгізгелі жатыр. Енді кірістер мен мүлік баламалы көздер бойынша анықталатын болады, онда да активтер, шығыстар және айналымдар арқылы, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қаржы министрлігі салықты анықтайтын жаңа әдісті енгізбек. Жаңа Салық кодексінің 173-бабының 5-тармағында жаңа құрал - жанама әдіс қарастырылған. Ол "Салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді жанама әдіспен айқындау қағидаларын бекіту туралы" бұйрық жобасын қамтып, салық төлеуші есеп жүргізу тәртібін бұзған жағдайларда, сондай-ақ есеп құжаттамасы жоғалған немесе жойылған кезде мемлекеттік кірістер органдарымен қолданылатын болады.
Бұдан бөлек, бұл әдіс жеке тұлғалардың кірісін неғұрлым объективті айқындауға мүмкіндік береді.
Жанама әдістің мәні – бастапқы құжаттар болмаған немесе бұрмаланған жағдайда салық органдары баламалы ақпарат көздерін пайдаланатынында. Салық салу базасын есептеу үшін салық төлеушінің активтері мен мүлкі, міндеттемелері, айналымдары, кірістері, шығындары мен жұмсаулары жөніндегі деректер қолданылуы мүмкін. Мұндай әдіс ауытқушылықты анықтап, субъектінің нақты қаржылық жағдайы туралы шынайырақ көрініс алуға мүмкіндік береді.
Жанама әдісті қолдану бірқатар міндеттерді шешеді:
- салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттырады;
- декларацияларда мәліметтердің толықтығы мен шынайылығын қамтамасыз етеді;
- салықтық тәуекелдерді қашықтан мониторингілеуге мүмкіндік береді;
- салық төлеуден жалтарудың алдын алуға ықпал етеді;
- салық салудың әділдік қағидатын нығайтады.
Ақырында, бұл көлеңкелі экономиканың көлемін азайтуға және бизнесті жүргізудің неғұрлым адал жағдайларын қалыптастыруға алып келеді.