Ресейліктер арзандады деген долларды таппай қалуда. Сарапшы экономикалық шындықты айтты

Dalanews 17 ақп. 2025 13:07 739

Соңғы күндері біздегідей Ресейде доллар арзандап жатыр. РФ Орталық банктің 2025 жылдың 17 ақпанында бекіткен 1 АҚШ долларының құны - 89 рубль. Ресейлік сарапшылар бағам 80 рубльге дейін төмендейтінін болжайды. Алайда ресейліктер осы арзан долларды таппай қалып, сеңдей соғылуда. Өйткені кейбір ақша айырбас орындары жабық тұр, деп жазады Dalanews.kz.

Айта кетсек, бізде 2024 жылы қараша доллар бағамы 500 деген психологиялық шекті игергенде, Ресейде ол 120 рубльге дейін барған, содан 110 рубльге түсіп, америкалық валютаның бағамы күні кешеге дейін соның айналасында тұрақтап тұрған еді. Ал Трамптың Ресей мен Украинаның бейбіт келіссөзі туралы сөз қозғағалы бағам 100 рубльден де түсе бастады. Ресейлік экономикалық сарапшы Вячеслав Ширяев өз елінде "доллар арзандады" дегенге ешкім сенбейтінін айтады

"1 АҚШ долларының бағамы  – 89 рубль. Былай қарасаңыз, тамаша ғой! Бұған жұрт қуанып жатыр ма, қалай? Осыны білмек ниетте мен өзімнің телеграмм арнамда сауалнама жүргіздім. Содан анықталғандай, маған жауап бергендердің 60 пайызы арзанға долларды мүлде сатып ала алмаған. Ал сатып алғандарының қолына ол 95-102 рубльден тиіпті. Мен өзім 98 рубльден сатып алдым. Неге жұрт ақша айырбас орнына лап қойды дейсіздер ме? Өйткені бізде, гиперинфляция. Өзіңіз ойлаңызшы, базалық мөлшерлеме 21 пайыз, инфляция - 9,5 пайыз. Бұған кім сенеді?.. Мұндай ешбір елде, ешбір экономикада жоқ", - дейді ол.

Ал инфляция көрсеткішінің төмен белгіленуін, сарапшы Путиннің қысымы деп санайды. 

"Онда да экономикамызда бәрі жақсы дегенді көрсету үшін. Оның үстіне базалық мөлшерлеме инфляцияға әсер етпейтін болып қалған. Егер нарықтық экономикада болғанда ол әсер етуші еді. Ал біздегідей барлық ақша соғысқа кетіп жатқанда, несиелер әкімшілік шешім тұрғысында берілсе, ол қалай несиеге, несиелеу көлеміне әсер ете алады? Орталық банк корпоративтік несие көлемін қысқарта алдық дегенді айтуда. Бұл да доллар түріндегі депозиттердің, кредиттердің қысқаруынан жүруде. Әйтпесе рубль түріндегі кредиттеу берілгеннің үстіне тоқтаусыз беріліп жатыр", - дейді ол.

Ол Ресейде доллардың арзандайтынына ешкім сенбейтінін айтады.

"Кез келген актив құнын жоғалтқанда оны инвесторлар сатып құтылуға тырысады. Мысалы, қазіргі жағдайда доллар арзандады ғой. Бірақ оны сатып құтылғысы келетіндерді көріп отырғанымыз жоқ. Керісінше, кейбір ақша айырбас орындары есігін ішінен тарс жауып алған. Олардың өзі ертең доллардың бәрібір қымбаттайтынын біледі", - дейді.

Сөйткен Вячеслав Ширяев ресейліктерге алда тағы бір құлдырау болуы мүмкін екенін ескертті:

"Мысалы Трамп "Путин менің айтқаныма көнбеді, Украинаға әскер кіргіземін, қосымша санкция саламын" десе,  Мюнхен конференциясында Вэнс солай деп те айтты. Ал Путиннің келіспесі өзімізге айдан анық. Сондықтан алда бізді тағы бір құлдырау күтіп тұр. Онсыз да қазір ішкі жағдай шетін деңгейге жеткен. Өйткені соғысқа деп ақшаны оңды-солды басып шығара берді емес пе? Енді халық гиперинфляция түрінде "соның жемісіне" кеңелмек".  

Бұған дейін сайтымызда "Ресейлік депутат рубльдің құнсыздануын Орта Азия елдерінен көрді" деген мақала жарияланған болатын.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар