Ресей Думасының депутаты Михаил Матвеев рубльдің құнсыздануын еңбек мигранттарының шетелге жасаған қаржылық аударымдарымен байланыстырды деп жазады Dalanews.kz.
Матвеевтің сөзінше, Ресейде жұмыс істейтін миллиондаған мигранттар ел экономикасынан айтарлықтай көлемдегі қаражатты сыртқа әкетіп, бұл ақшаны көбінесе доллар немесе басқа шетел валюталарына айырбастайды.
Бұл үрдіс, оның пікірінше, рубльге деген сенімді әлсіретіп, шетел валютасына сұранысты күшейтуде.
2023 жылы мигранттар Тәжікстанға $5,7 млрд, Өзбекстанға $14,5 млрд, Қырғызстанға елдің ЖІӨ-нің үштен біріне тең көлемде ақша аударған. Грузия ($2 млрд), Армения ($3 млрд) мен Қазақстанда да миллиардтаған доллар қаржы алған елдердің қатарында.
Матвеев Ресейге қарсы санкцияларға қосылған аймақтағы кейбір елдерге де шүйліккен екен.
Оның айтуынша, бұл елдер Ресейдің «Мир» төлем жүйесімен операциялар жасаудан бас тартқан, сондықтан мигранттар ақшаларын доллармен шығарып, үйлеріне жөнелтуге мәжбүр. Бұл жағдай шетел валютасына сұранысты арттырып, рубльдің құнсыздануына ықпал еткен.
Оның айтуынша, бұл елдер өз экономикасын ресейлік қаражатпен қамтамасыз етіп қана қоймай, Мәскеуге қарсы қаржылық саясатты қолдап отыр. Мұндай әрекеттер Ресейдің геосаяси мүдделеріне тікелей қайшы келеді.
Матвеевтің пікірі Ресей экономикасы шатқаяқтап тұрған кезде айтылып отыр. Соңғы аптада рубль долларға шаққанда күрт құнсызданғаны байқалды.
Сарапшылар рубльдің құнсыздануын басқа да факторлармен байланыстырады, соның ішінде Ресейге қарсы санкциялардың әсері, мұнай бағасының құбылмалылығы және ішкі қаржы нарығындағы тұрақсыздық.
Сонымен қатар, Ресейдегі экономикалық жағдайдың нашарлауы, миграциялық саясаттың қатайғаны және мигранттардың әлеуметтік жағдайына деген көзқарастың өзгеруі кері миграция үрдісін күшейтуде. Кейбір деректер бойынша, Ресейде табыс табуға келген мигранттардың бір бөлігі өз отандарына оралуда.