“Атамекен” басшысының 4 орынбасары бірдей қызметтен кеткен

Dalanews 24 қар. 2025 19:07

"Атамекен" кәсіпкерлер палатасының төрағасы Райымбек Баталовтың 4 орынбасары бірдей қызметтен кеткен, деп хабарлайды Dalanews.kz

Мұнда "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма мүшелері – басқарма төрағасының орынбасарлары жайлы сөз болып отыр.

Ербол Есенеев, Мұрат Амрин, Тимур Нахипбеков және Ербол Үстеміров 2025 жылғы 28 тамызда Еңбек кодексінің 50-бабына сәйкес өз өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы өтініш берген. «Басқарма мүшелерінің өкілеттіктерін тоқтату Палата президиумының құзыретіне жатады», – деп хабарлады ұйым.

Белгілі болғанындай, 29 қыркүйекте өткен президиум отырысының қорытындысы бойынша олардың өкілеттіктерін тоқтату туралы шешім қабылданып, қаулымен бекітілді. Олар 30 қыркүйекке дейін, сол күнді қоса алғанда, қызмет атқарған.

«Аталған басқарма мүшелерінің барлығы президиум отырысына қатысып, қабылданған шешіммен танысты, сондай-ақ, палата қызметіне көп жылғы адал еңбегі мен елеулі үлесі үшін II дәрежелі “Адал еңбегі үшін” медалімен марапатталды», – деп нақтылады ұйым.

«Атамекен» сайтында көрсетілгендей, төраға міндетін атқарушы – Раимбек Баталов, оның орынбасарлары – Гүлнар Бижанова, Тимур Жаркенов, Санжар Ізтелеуов, Мұрат Каримсаков, Нәзира Үсенова және Нұрсұлтан Шоканов.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар