Батыс Қазақстан облысы әкімдігі Орал қаласында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға берілген үйлерге қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізген талдау нәтижелері бойынша Орал қаласы әкімдігі жанындағы комиссияның жекелеген мүшелері тарапынан БҚО аумағындағы су тасқыны салдарын жою кезеңінде саяжай алаптары тұрғындарына тұрғын үй бөлу және келтірілген залалды өтеу барысында заңға қайшы әрекеттер жасалғаны анықталды. Талдау материалдары комиссия жұмысын заңнамаға сәйкестендіру бойынша тиісті шаралар қабылдау мақсатында облыс әкіміне жолданды”, — деді БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.
Әкімдік қазіргі уақытта тек сот арқылы мәселенің түпкілікті шешілетінін және заңға сәйкес әрекет етіп жатқанын жеткізді.
“Келіп түскен талдау материалын жан-жақты қарап, заңды шешім қабылдау үшін комиссия құрамында болған екі адамға қатысты сотқа талап-арыз берілді. Бұл мәселе бойынша баға беру және шешім шығару соттың құзіретіне жатады.
Бұл ретте, аталған жағдайға түпкілікті баға беруге құзыретті орган — тек қана сот, ал фактілерді бұрмалап, қоғамда жалған түсінік қалыптастыратын кез келген жария мәлімдемелер сот төрелігіне қысым жасау әрекеті ретінде қарастырылуы мүмкін”, — деді олар.
Бұған дейін
Айта кетейік, бұған дейін Орал қаласының тұрғыны әрі мұғалім Айнұр Сабыр БҚО әкімі Нариман Төреғалиұлының әрекетіне шағымданып, Президентке, Үкіметке және Парламент депутаттарына ашық үндеу жолдаған еді. Ол биліктен тұрғындарға үй берудегі әділетсіздіктерге назар аударуды сұрады.
