Яна Легкодимованың өліміне қатысты видео жарияланды

Cағыныш Сардарова 24 қар. 2025 15:28

Яна Легкодимованың өліміне қатысты видео жарияланды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

23 жастағы Яна Легкодимова 2024 жылы 19 қазанға қараған түні өлтірілген. Қыздың сүйегі сегіз ай өткен соң Жайық өзенінің жағасынан табылды.

"Бірінші адам жоғалу дерегімен іс тіркелді. Хабар түскен бойда оны іздеуге кірістік. Бірқатар жұмыс атқарылды. Адам ұрланғаны жөнінде мәліметтер жинақталған соң істі адам ұрлау дерегі бойынша жүргіздік. Одан соң іс кісі өлтіру дерегіне өзгертілді", - деді Атырау облысы криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Ерлан Құсайынов.

20 қазанда полицияға қыздың анасынан оның хабар-ошарсыз кеткені жөнінде хабар түскен. Тәртіп сақшылары Янаның түр-сипатына, ерекшеліктеріне қарай сұрау салып, іздестіру жұмыстарын жүргізген.

"Оның үйден шыққан сәтінен бастап жүрген бағытын қалпына келтіре бастадық. Камералар қыз мінген ақ түсті көлікті көрсетті. Жанында есікті ұстап тұрған екінші ер адам болған. Кейін ол да көлікке отырған. Одан соң олар Талдыкөлге қарай бағыт алған", - деді Атырау облысы ПД тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Темірхан Хажмұратов.

Қаладағы бейнекамералардың жазбалары қаралып, күдікті көліктің жүру бағыты тексерілген. Осылайша қызды алып кеткен екі ер адам анықталған. Бірі қылмысты өз қолымен жасаса, екіншісі оған қылмыс ізін жасыруға көмектескен.

"Күдіктілер екі күннен кейін ұсталды. Бірі Құрманғазы ауданына кетіп үлгерген, екіншісі көлікті жуатын орынға апарып, іздерді және марқұмның телефонын жойған", - деді  тергеуші Хажмұратов.

Тергеу материалдарына сәйкес Хайржанов көліктің ішінде Янаны тұншықтырған, ал досы Қатимов қыз қашып кетпесін деп есікті ұстап тұрған. Бұдан кейін олар сүйекті қала сыртына апарып, өзенге лақтырған.

"Алдымен Хайржановты анықтадық. Оның жауабы бойынша екінші күдікті Қатимовты таптық. Күдіктілер ұсталып, бірақ сүйек табылмағаны тәжірибемде алғаш рет болды. Соған қарамастан күдіктінің сөзі бойынша қылмыс болған орынды анықтадық", - деді Ерлан Құсайынов.

Қылмыскер мен марқұм бір университетте оқыған және бірін-бірі 2022 жылдан бері білген. Қыз-жігіт ретінде қарым-қатынаста болған. Қаскөйлер бұрын-соңды сотты болмаған, қандай да бір есепте тұрмаған. Жедел уәкілдің айытуынша, мұндай жағдайларда ұсақ-түйектің өзін ескеру маңызды.

"Қылмыс тіркелген уақытта жедел уәкіл ұсақ түйек мән-жайларға назар аударады. Оны ескермесең, қылмыс ашылмай қалуы мүмкін. Адамның сөйлегеніне назар аударамыз. Психологиялық жағдайына мән береміз. Күдіктіні сөйлетуге тырысамыз", - дейді жедел уәкіл.

ІІМ мәліметінше, қылмыс жасалуына Янаның Хайржанов басқа қызбен кездесіп жүргенін және оған үйленбек екенін біліп қоюы, қалыңдығына шындықты айтамын деп оқталуы түрткі болған. Тергеушінің айтуынша, басты күдікті әуелде тергеуді шатастыруға тырысқан. Алайда тәртіп сақшылары тактиканы өзгертіп, қылмыскердің жауапкершіліктен жалтаруына жол бермеген.

"Сот санкциясы бойынша біз олардың парақшаларын тексердік. Хат алмасу барысында олар кісі өлтіру жоспарын талқылаған. Сондай-ақ, ғаламтордағы іздеу жүйесінде Қазақстанда адам өлтіру үшін қандай жауапкершілік қарастырылатыны және бейнебақылау камераларындағы жазбалар қанша уақыт сақталатыны туралы сұрақтар болған", - деді тергеуші Темірхан Хажмұратов.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар