Конференция барысында сөз алған Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов мырза: «Біз Кеңес Одағы жасаған басқа қасіреттерді ұмытсақ та, ашаршылық пен репрессияны ешқашан кешірмеуіміз керек», – деді өз баяндамасында. Ғалым бұл пікірін жан-жақты дерек-дәйектермен негіздеп, қазақ ұлтының бұрын-соңды болмаған қырғынға ұшырауының түп себебі - отаршылдық саясатта екендігіне тоқталды.
«Сталин кінәлі емес...»
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков мырза Қазақстан мен Украинадағы ашаршылықты салыстыра келіп, ашаршылққа Сталин мен Голощёкиннің қатысы жоқ дегенді алға тартты. «Қазақстандағы ашаршылық Украинадағы секілді арнайы жоспарлы түрде емес, қазақтардың тарихы мен өмір сүру формасын білмегеннен болды. Өйткені Сталин қазақтың қандай халық екенін де білмеген. Голощёкин де дәл солай әрі 4 сыныптық қана білімі бар сауатсыз. Демек, ашаршылыққа көшпенділік тұрмыс дамудан артта қалдырып, тоқырауға ұшыратады деп қарайтын маркстік философиямен рухтанған социалистік жүйе кінәлі. Сондықтан оған сол кездегі билікті де, орыс ұлтын да кінәлуға болмайды», – деген көзқарасын білдірді. Оның пікірінше, социалистік мемлекет құруды көксеген белсенділер қазақтың әлеуметтік-шаруашылық жағдайымен санаспаған. Тіпті, ашаршылыққа қазақтың жалқаулығы, еңбекке қырсыздығы себеп болған. Малынан айырылған қазақтар ауа көшуге, дәрменсіздікке ұрынған. Ғалым мұндай пікірін бұрын да бірнеше рет айтқан еді...
«Біз Кеңес Одағының мұрагері емеспіз»
Бұл пікірге орай Қазақстан тарихшылар қауымдастығының президенті, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді мырза: «Қазақтардың 1920 – 1930-шы жылдардағы ашаршылық пен қуғын-сүргінге ұшырауына бірден-бір себепкер – Кеңес Одағы. Біз Кеңес Одағының мұрагері емеспіз. Нағыз мұрагері – Ресей. Сол үшін де біз Ресейден қорқамыз. Егер Ресей біздің сенімімізге кіргісі келсе, онда бізден кешірім сұрасын. Бізге өтемақы төлесін. Германияда еврейлерден кешірім сұрап, өтемақы төлеген жоқ па?», – деді. Мәмбет Қойгелдінің пікіріне сүйенсек, ашаршылықты отаршыл саясат жүргізген қанқұйлы топ әдейі қолдан жасаған. Оған дәлел де, дәйек те жеткілікті. Қазақ тең жартысынан айырылған бұл жұтты ешқашан ұмытуға болмайды. Ұлттық болмысымыз бен гендік жадымызға салған сызаты мен жарасы әлі өше қойған жоқ. «Мен Сталин және оның бас кесер командасын кінәсіз дегендерді түсінбеймін. Социалистік жүйенің өзі – озбыр саясат» дейді тарихшы.
Тағы бір ерекше атап айтарлық жайт, конференция барысында Алматы қаласы әкімінің орынбасары – Аманжолова Зәуреш Жұманәліқызына Мәмбет Қойгелді мырзаның айтқан өтініші болды. «Қазіргі күні ашаршылық пен қуғын-сүргін зұлматын өз көзімен көрген тірі куәлар жоқтың қасы. Тіптен олардың ұл-қыздары мен көзін көрген адамдардың да қатары сиреп барады. Біз неге осы адамдардан сұхбат алып, видеосын жазып алмаймыз. Олардың айтқанын кім жалған дей алады. Сол арқылы архив құжаттарын да толықтыруға болады. Бұл өркениетті елдерде бұрыннан бар үрдіс. Осы мәселені билік өкілдері қолға алса екен», – деген ғалымның өтініші көпшіліктен зор қолдау тапты. Әкімдіктің өкілі де бұл ұсынысты құптап, алдағы уақтта жүзеге асырылатынына уәде берді.
«Отаршылдық саясаттың салдары...»
Арада сөз алған тарих ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Нәсенов мырза қазақтарды орыстандыру саясаты сонау ХVІІІ ғасырдың аяғынан бастау алғанын, сол саясаттың нәтижесінде миллионға жуық қазақ баласы орыс болып кеткеніне тоқталды. Ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарын зерттеу барысында том-том КГБ-ның архив құжаттарын ақтарған ғалым қазіргі күні оқулықтар мен ақпарат құралдарында келтірілетін статистикалық деректерде қателіктің көп екенін, оны әлі де зерттей түсу керек екенін атап өтті.
«Отаршылдық саясаттың жоспары өте жүйелі еді. Қазақты тілінен, ділінен айырыу, шоқындыру, жерінен бездіруді бұрыннан нақтылап қойған. Арнайы қаулылары мен заңдары бекітілген. Ашаршылық та сондай озбыр саясаттың жемісі», – деді Б. Нәсенов.
ҚР Қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығының президенті Жұмабек Ашуұлы қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейді репрессия құрбандарын тергеп, атып, азаптаған бұрынғы Алматыдағы НКВД ғимаратында ашу керектігін сөз етті. Ол үшін жекеге өткен тарихи нысанды мемлекетке қайтаруын талап етті әрі бұған конференцияға келген ғалымдардан атсалысуын сұрады. Әйтсе де әкімдік өкілінен мардымды жауап ала алмады.
Алда жыл сайын осындай үрдістен жаңылмай, ашаршылық пен қуғын-сүргін туралы ғылми еңбектерді жинақтап, көп томдық кітаптар шығаруға келісіп тарқасты.
Талас Омарбеков:
Тарих ғылымдарының докторы, профессор
Көптеген деректерде ашаршылық кезінде миллиондаған қазақтар шетелге босып кетті деп айтылады. Солардың ішіндегі қазақтардың ең көп босып барған жері – Қытай. Қытай өкіметі де шекарадан өткен қазақтардың есебін алып, тіркеп отырған. Сол архивтерді ақтарып көрдім. Шекарадан өткен қазақтардың жалпы саны жүз мыңдай ғана. Демек көптеген қазақтар ешқайда босып кетпеген. Соған негізделгенде ашаршылықтың құрбаны болғандардың саны біз білетін деректерден әлдеқайда көп.
Мәмбет Қойгелді:
Қазақстан тарихшылар қауымдастығының президенті, тарих ғылымдарының докторы, профессор
Кейбіреулер ашаршылыққа қазақтардың өзі кінәлі дегенді айтып жүр. Мұны айтудың өзі ұят іс. Бұл НКВД-ның таратқан дақпырты ғана. Біз тарихтың нағыз шындығын білу үшін, ең алдымен, санамызды тазалауымыз керек. Ашаршылыққа қазақтар емес, оған сол кездегі жүйе мен билік кінәлі
Нұрсерік Тілеуқабыл