Мен тозақты көрдім...

Dalanews 31 мам. 2017 01:31 1844

31 мамыр ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні.

8-9-б-НаубетҚызыл империяның қолымен жасалған 1931-33 жылдағы ашаршылық қазақтың басына түскен небір зұлматтан асып түсті.  Осынау топалаңның көзі тірі куәгерлері баяндайтын «Қызылдар қырғыны» кітабындағы жантүршігерлік трагедияларды жариялауды жөн деп шештік. Себебі, мұны ұмытуға болмайды.

 Ыбырахым Смағұлұлы:

– 32 жылы әкем және інісі бар Қарағандыға ат арбамен жолға шықтық. Жолай әкем ауырды. Тамақ жетіспейді. Ол қалжырады. Атты соямыз деп едік, айдалада жаяу қалып аштан өлесіңдер деп болмады. Бір ауылға келдік. Әкем молда іздеңдер деді. Оны қайтесіз дегенімде, намазымды шығартамын деді. Сонымен әкем ауылдағы молдаға тіршілігінде намазын шығартты. Міне, осындай да сұмдықты көрдік. О заманда бұ заман, тірі адамның намазын алдын ала шығарғанды кім көрген? Әкем кешінде жолда келе жатып қайтыс болды.

article_090412_01Садыш Досмағанбетов:

– Көктіңкөлде Жәкен көңінде мал жаятын орталық болды. Не керек, әлгі малды сойдырды. Көлік болмай, ет сасыды. Сасыған тонна-тонна етті белсенділердің өртегенін өз көзіммен көрдім. Ел мазасыз қалды да, оған сүзек араласты, шешек араласты. Халыққа күйзеушілік келді. Түн баласында есігімізге кісен салып қоямыз. Таңертең тұрсақ, төрт-бес адам өліп жатады. Мен онда 12 жастамын. Ылғи балалар өлген адамды тамның маңайына жеткіземіз. Айта берсе сұмдық. Ол жылдары ат орнына адам жегілетін арбаға. Соны да көрдік. Өлген адамда есеп жоқ. Үштің екісі қырылды десем, артық болмас.

Салиха Жаппарқызы:

– 1925 жылы наурызда туғанмын. Әкемнің аты – Жаппар. Шешем асханада істепті. Екі қыз екенбіз. Әкем қыстың ішінде үш-ақ күн ауырып өлді. Содан кейін тамағымызды ашыққандар тартып алды. Үлкен апам сегіз жасында екі-ақ күн ауырып өлді. Әкем семіз кісі екен. Үш күннен кейін қабірден суырып алып жеп қойыпты. Сонан мені арқалап шешем байғұс Жаңаарқаға барады. Балалар үйінде тұрып жаттым... Мені детдомдағы ересек апам Зәуре бауырына басып жатушы еді. Неге десеңіз, киіз үйдің іргесінен балаларды суырып әкетіп жеп қояды екен...

Диқанбек Айтсайұлы:

– Тамаққа татырлық түк қалмады. Пісімшілікке әлі біраз уақыт бар, негізгі қорегіміз тоғай ішіндегі құстардың жұмыртқа жарған балапандарын жеу болды. Көктемгі қар ерісімен аңыздан теретін қара масақ талқанын жеуден қарындасым Айжарқын, інім Иманары шетінеп кетті.

image22451Аманбек Байдалыұлы:

– Ол жылдары мен мұғалім едім, балаларға араб төте жазуынан дәріс бердім. Бір жолы үлкен жауыздықтың куәсі болдым. Босқындардың ішінде бір пысықтау келген жігіт қойдың қарнына адамның майын құйып алыпты. Кәдімгі өлген адамдардың қарнын ақтарып жіберіп, іш майын шығарып, қарынға құйып алған. Ол қойдың іш майындай тоңбайды, сұйық күйінде тұрады, әрі десе ашыққан адамға үлкен қуат беретін болса керек. Өлген адамның еті жарамсыз, бұзылып кетеді. Жарамдысы осы – іш майы. Байқамаған адам аштық әбден шыңына жеткен адамды алғаш көргенде бағуы келіскен семіз адам екен деп қабылдайды. Алайда, бұл – дененің барт болып, кілкілдеп, ісініп кетуі.

Рысқұлбек Ауғанбайұлы:

– Тікелей аштықтан біздің ауылдағы Сиқым руының Асан деген атасынан 70 үйден 1933 жылдың аяғында 8-ақ түтін қалды. Жуалы ауданындағы Алексеевка, Некрасовка, Кантемировка, Успеновка, Благовещенка, Казенка, Петровка, Зыковка, Евгеньевка, тағы басқа толып жатқан орыс елді мекендері айналасының бәрі аштық пен жоқтықты енгізе қоймаған. Бүкіл аудан, облыс, республика көлеміндегі тілі сумаңдаған ажал қазақ ауылдарының ортасында отырған орыс ағайындарының қылын да қисайта алмаған.

Момынқұл Пірәліұлы:

– Жуалы қысы өте қатты. Боран 3-4 тәуілікке созылатын. Бір жазған өзінің астығын белсенділерден қорқып даладағы шарбаққа көміпті. 1932 жылы 6 тәулік соққан боранда ол өзінің тыққан ұрасын таба алмай, үй-ішімен қырылып қалды.

                                    Азалы жылдар естелігі

[caption id="attachment_10820" align="alignleft" width="140"]7a88f9333ae376cec99aded69e66cb32 Әлікей Марғұлан[/caption]

 1932 жылы елдегі ашаршылықты естіп, жолға шықтым (Онда Ленинградта оқып жүрген кезім). Фрунзеге келгенде жүрегім сыздап сала берді. Босқындар (қазақтар) көшеде жүргізбейді. Көбісі – Солтүстік аймақтан. Шыдай алмай, Қырғызстан атқару комитетінің председателіне келдім. Қолымнан келген көмегім сол ғана. Содан Алматыға бет алдым. Голощекинге кіру қауіпті. Елдің өз астығын өзіне қимау не сұмдық. Елге жетсем, ауылдың орнынан басқа ештеңесі қалмапты. Шешем Қарағандыға бара жатып жлда өліпті. Арғы атамыздан қалған араб, монғол, түркі тілінде жазылған, кейі өгіз терісіне басылған жазбалар бар еді. Оның баршасы жоғалыпты.

(Ә. Марғұланның естелігінен)


 

 

[caption id="attachment_10821" align="alignleft" width="122"]Жұмат_Тұрғынбайұлы_Шанин Жұмат Шанин[/caption]

«Пәтима, не нан, не бір кесе ұн беріп жібер. Кешеден бері мәніміз болмай отыр.

Жұмат».

Әйгілі режиссер Жұмат Шанин 1933 жылы жазғытұры ақын Ілияс Жансүгіровтың әйелі Фатима Ғабитоваға осындай өтініш жолдаған екен.

(«Нәубет» жинағынан. 1988 ж.)


 

[caption id="attachment_10822" align="alignleft" width="177"]d0bad0b0d181d18bd0bc Қасым Аманжолов[/caption]

Голощекин геноциді кезінде қазақ сахарасының 40 миллион малы өсіп-көбеюдің орнына бірінші бесжылдықтың екпінді құрлыстарына: Донбасқа, Кузбасқа, Магнитогорскіге, Днепрогэске, Қарағандыға ет болып тоғытылды. Сөйтіп малмен бірге қазақ халқының өзі де бірінші бесжылдықтың құрбандығына шалынды... Егін екпейтін елге астық салығы салынды... Семей, Кереку қалаларында қойма-қойма, вагон-вагон етті шіріткен, бірақ ашыққандарға бермеген... Ұлытау маңында бір үйір жылқыны сайға қамап, пулеметпен атқылап, қырып салған...

(Қ.Аманжолов. «Мешін жылғы қасірет». «Ақиқат». № 7. 1992 ж.)


 

Сіз білесіз бе?


 

  • 1932 жылы Қазақстан байырғы халқының 64 пайызынан айырылған.

  • Қазақстан халқының саны 1930 жылы 5,9 миллион адамнан 1933 жылы 2,5 миллионға азайды.

  • Алапат ашаршылық жылдары Қазақстан шекарасынан шығып, босқыншылыққа ұшыраған шаруалар саны – 1 миллион 31 мың. Олардың 165 мыңы бұрынғы Кеңестер Одағының шекарасынан әрі асып, Қытайға, Монғолияға, Ауғанстанға, Иранға, Түркияға өтіп кеткен. Сөйтіп туған жерлеріне қайтып орала алмаған.


Ал көрші республикаларға, Ресейге қоныс аударып, орнығып қалғандар саны – 450 мыңдай.

  • Қазақстанда 1933 жылы мал саны 1929 жылғымен салыстырғанда 16 есеге кеміп кеткен. Басқаша айтқанда, қолда бар 39 миллион 294 мың малдан 2 миллион 428 мыңы қалған. Бұл небары төрт жылдың ішінде 37 миллион малдың жоқ болғанын көрсетеді.


Дайындаған, Думан БЫҚАЙ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар