Мәсімовтің экс-күйеу баласы қазір қайда жүргені туралы тың дерек пайда болды

Мәсімовтің экс-күйеу баласы қазір қайда жүргені туралы тың дерек пайда болды
коллаж: Dalanews.kz

Әлеуметтік желіде кейінгі уақытта Азамат Қапенов қызу талқыланып жатыр. Ол - мемлекетке опасыздық және жемқорлық ісі бойынша сотталған Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы, деп хабарлайды dalanews.kz Kozachkov offside арнасына сілтеп.

Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі Азамат Қапеновке халықаралық іздеу жариялаған. Осыдан кейін ол әлеуметтік желіде белсенді бола бастады. Өз жазбаларында ешқандай заңсыз әрекетке қатысы жоғын да айтып жүр.

Алайда Азамат Қапеновқа бірнеше елдің құқық қорғау органдарының сауалы бар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет оны 2024 жылдан бері алаяқтық ісі бойынша іздеп келеді. Сонымен қатар, Ресей тарапынан да оған сұрақтар бар екені айтылған.

Тергеу мәліметінше, әңгіме "Қазтеміртранс" компаниясындағы миллиардтаған теңгелік жеңілдіктерге байланысты іске қатысты болып отыр. Құқық қорғау органдары 2015 жылы кей компанияларға заңсыз түрде шамамен 5 млрд теңге көлемінде жеңілдік берілгенін тексере бастаған. Кейін іс тоқтатылғанымен, 2025 жылы Бас прокуратура бұл шешімді жойып, тергеу қайта жанданған.

Арна дерегінше, Азамат Қапенов осы жылдары бірнеше елдің азаматтығын алған. Ол Қазақстан азаматтығын 2001 жылы алған, кейін Ресей мен Қырғызстан азаматтығын рәсімдеген. Сондай-ақ, БАӘ резиденті мәртебесін иеленгені айтылды.

Дереккөз мәліметінше, қазір Азамат Қапенов Қырғызстан аумағында жүр. Бұған дейін ол БАӘ-ден Қазақстанның сұрауы бойынша ұсталғанымен, кейін Қырғызстанға кеткен.