Қызылордадағы жатақханалардың бірінен 16 жастағы студент өлі табылды. Марқұм - Нұрдәулет Мырзалы. Оның cүйегі 8 мамырға қараған түні табылған, деп хабарлайды dalanews.kz "Криминальный Казахстан" арнасына сілтеп.
Марқұмның туыстары Нұрдәулет жоғары курс студенттерінің соққысынан қаза тапты деп есептейді. Отбасының айтуынша, бірнеше үшінші курс студенті оны ұрып-соғып, кейін болған жағдайды жасыруға тырысқан.
Қаза тапқан студенттің әпкесі күдіктілер жасөспірімнің денесін қан-жоса күйде дәлізбен сүйреп апарып, бөлмеге жасырғанын айтады.
Бұл іске байланысты "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бір күдікті қамауға алынған.
Колледж әкімшілігі жатақханадағы тәртіпті бақыламағаны үшін бірнеше қызметкер жұмыстан шығарылғанын хабарлаған. Сонымен қатар, оқу орны басшылығы қайғылы жағдайға буллинг емес, жеке жанжал себеп болғанын мәлімдеген.
Марқұмның отбасы төбелеске қатысқандармен қатар студенттердің қауіпсіздігіне жауапты қызметкерлерді де жауапқа тартуды талап етіп отыр.