Алматыда күн бұзылуына байланысты коммуналдық қызмет күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
- "Қазгидромет" РМК мәліметінше, Алматыда 8-10 желтоқсан аралығында қар аралас жаңбыр жауып, тұман түсіп, жел күшейеді, сынап бағанасы күрт төмендейді.
- 10 желтоқсанға қараған түні қалада 6-9 см, ал таулы аймақта 15-20 см қар түсуі мүмкін.
- Циклон өткеннен кейін 11 желтоқсаннан бастап жауын-шашын тоқтап, түнгі температура –13…–15°С-қа дейін төмендейді.
"Күн бұзылуына байланысты қаланың коммуналдық қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті. Өндірістік базаларда жүргізушілер, механизаторлар мен жұмысшылар тәулік бойы кезекшілікке қойылды. Тәулік бойы 1000-нан аса арнайы техника мен 2,7 мың жұмысшы жұмылдырылмақ. Алматы қаласының Құтқару қызметінің 15 техникасы мен 50 қызметкері, ал Төтенше жағдайлар департаментінің 53 техникасы мен 244 маманы кезекші болуға дайын", - деп жазылған хабарламада.
Көктайғақ кезінде жүргізушілерге жазғы дөңгелектерді қысқыға ауыстыру, жылдамдықты төмендету, қашықтықты сақтау және шұғыл бұрылмау ұсынылды. Тәжірибесі аз жүргізушілер мүмкіндігінше қоғамдық көлікті пайдаланғаны дұрыс. Жүргіншілерге тайғақ тротуарда барынша сақ болып, биік ғимараттардың маңына жақындамау қажет, шатырдан қар түсу қаупі бар. Қала тұрғындарына жолдарын алдын ала жоспарлап, жылы киіну ұсынылды.
