KazTAG Халықаралық ақпарат агенттігінің бас директоры Әсет Матаев пен бас редактор Амир Қасеновқа Freedom Finance компаниясының арызы негізінде қылмыстық іс қозғалды. Компания миллиардер Тимур Турловқа тиесілі, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Freedom Finance арызында KazTAG жариялаған материалдарда компания басшылығының алаяқтық схемалары туралы зардап шеккендердің мәлімдемелері келтірілгені айтылған. Осыған байланысты Матаев пен Қасенов күдікті ретінде танылды.
Алайда қорғаушылар процесте заң бұзушылықтар болғанын алға тартып отыр.
«Күдікті деп тану рәсімі заңсыз жүргізілді. Олардың тергеуден жалтарғаны дәлелденбеген», – деді адвокат Рена Керимова.
Редакция қылмыстық іс қозғалғанын бірнеше ай бойы білмеген. Тергеу құпия жүргізіліп, сараптамалар да редакцияны хабардар етпестен орындалған. Адвокат Ерлан Макенов мұны Қылмыстық-процессуалдық кодекс талаптарының бұзылуы деп бағалады.
