Президент «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мекемесінің қызметін күшейтуді тапсырды

Президент «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мекемесінің қызметін күшейтуді тапсырды
Коллаж: Dalanews

Президент өңірлерді дамыту кезінде құрылыс сапасына ерекше мән беру қажет екенін айтып, жол саласындағы жағдайды сынға алды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мемлекет басшысы соңғы жылдары еліміздің барлық аймағында тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар мен жолдар қарқынды салынып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан тұтастай үлкен құрылыс алаңына айналып келеді. Алайда құрылыс жұмыстары сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы керек.

«Мемлекет аймақтарды дамытуға тұрақты түрде баса мән береді. Бұл – мемлекеттің басты міндетінің бірі. Соңғы жылдары осы бағытта ауқымды жұмыс атқарылды. Еліміздің әр аймағында тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, жолдар қарқынды салынып жатыр. Қазақстан тұтастай үлкен құрылыс алаңына айналып келеді. Мұны бәріңіз де көріп-біліп жүрсіздер. Ең бастысы, барлық құрылысты сапалы әрі уақытылы жүзеге асыру өте маңызды. Кейде жаңадан салынған кейбір нысандардың сапасы сын көтермейді, тіпті, қоғам талқысына түсіп жатады.Осындай салғырт жасалған жұмыстың кесірі қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы да мүмкін. Бұл тұрғыдан алғанда, жол саласындағы ахуал да мәз емес. Мысалы, «Талдықорған – Өскемен» күре жолының ашылғанына көп уақыт өтпесе де, тоза бастаған. Сондықтан, жол сапасын бағалау жүйесін қайта қарау керек. Құрылыс жұмысын басынан аяғына дейін қатаң қадағалау қажет. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мекемесінің қызметін күшейту керек. Жалпы, осы салаға түбегейлі реформа жасаған жөн. Қоғамдық бақылауды күшейту қажет», – деді Президент.

Мемлекет басшысы жол құрылысының сапасын бағалау тетіктерін қайта қарап, құрылыс барысын толық бақылауға алудың маңызын атап өтті.

Сондай-ақ ол «Жол активтері сапасының ұлттық орталығының» жұмысын күшейтуді және салаға түбегейлі реформа жүргізуді тапсырды. Президент бұл бағытта қоғамдық бақылауды да арттыру қажет екенін айтты.