Бозымбаев әскери қызметшілердің қазасына байланысты комиссияны басқарады

Бозымбаев әскери қызметшілердің қазасына байланысты комиссияны басқарады
primeminister.kz

Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болу себептерін анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің өкімімен құрылған комиссияны Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарады.

Комиссия құрамына Қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінің басшылығы, Бас әскери прокурор, сондай-ақ Шекара қызметінің өкілдері кірді.

Премьер-министр Олжас Бектенов комиссия төрағасы Қанат Бозымбаевқа оқиға орнына шұғыл барып, әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеруді тапсырды.

Сонымен қатар комиссия қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қажетті көмек көрсету шараларын қабылдауы керек.

Бұған дейін Қорғаныс министрлігі 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы жағдай болғанын хабарлаған.

Алдын ала мәлімет бойынша, ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан 19 әскери қызметшіні теңіз алып кеткен. Олардың тоғызы қаза тапқан. Үш әскери қызметші құтқарылып, біреуі ауруханаға жатқызылған. Қалғандарын іздестіру жұмыстары жүргізілген.

Оқиға бойынша қылмыстық іс те қозғалып, тергеу басталды. Жедел-тергеу тобы құрылып, оқиға орнында Ішкі істер министрлігінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің және прокуратура органдарының қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.

Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар жүргізіліп, сот сараптамалары тағайындалған. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынған.