"Алгебра мен геометрияны біріктіру оқу процесіне зиян" - саясаттанушы

Көркем Алдабергенова 08 жел. 2025 16:15

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев мектептегі жаратылыстану бағытының қысқаруына қарсы пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Әбішев орта білім беру жүйесінде жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндердің біріктірілуі – білім сапасына жасалған «диверсия» деп есептейді. 

Оның айтуынша, алгебра мен геометрияны бір пәнге айналдыру оқу процесіне зиян келтіреді. 

«Алгебра абстрактілі, арифметиканы жалпылай отырып, математикалық құрылымдарды зерттейді. Ал геометрия - көзбен көруге болатын нақты пән, ол балаларға теорияны шынайы дүниемен байланыстыруға мүмкіндік береді. Пәндерді бөлек оқыту керек, бірақ бір-бірінен алынған материалды қолдануға жол ашу қажет», – дейді саясаттанушы.

Сондай-ақ ол биология, химия, физика сияқты ғылымдарды да біріктіруге болмайтынын баса айтты.

«Биология - химияның, химия - физиканың жекелеген бөлімі деген пікір бар. Бірақ дәл осы айырмашылықтар оларды бөлек оқытудың қажеттілігін дәлелдейді. Оқушылардың бір бөлігі барлық пәнді бірдей жақсы меңгерсе, екіншісі нақты салада озық болады. Пәндердің бөлінуі балаларға өз қызығушылығын дұрыс анықтауға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді Ғазиз Әбішев.

Саясаттанушы жаратылыстану-математика сабақтарының сағаттарын қысқарту – болашақ ұлттық бәсекеге қабілеттілікті әлсірететінін атап өтті.

«Қысқартуға болмайды, тек арттыра түсу керек. Азия елдерінің тәжірибесіне қараңыздар. Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур – бәрі математика бойынша қатаң дайындыққа негізделген. Нәтижесінде олар олимпиадаларда, тесттер мен университет емтихандарында алда келеді. Бұл – инновацияға дайындықтың және технологиялық басымдықтың кілті», – дейді ол.

Әбішев Қазақстанның болашағы математикалық сауатқа тікелей байланысты екенін айтты.

«Біз қазақтарды табысты тарихи ұлт ретінде қалыптастырғымыз келсе, ең бастысы – мықты математикалық білім, дағдылар мен машықтар», – деп қорытындылады саясаттанушы.

Еске салайық, бұған дейін оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жаратылыстану бағытындағы пәндерді біріктіру туралы ұсынысқа өз пікірін білдірген болатын

Министрдің айтуынша, физика, химия және биология пәндерінің мазмұны мен мақсаттары бір-бірінен түбегейлі ерекшеленеді, сондықтан оларды жеке пән ретінде сақтау қажет.

Оның сөзінше, жаратылыстану пәндерін жеке пән ретінде сақтау әрі олардың бағдарламаларын одан әрі жетілдіру бағытында жұмыс жалғасады.

Артынша Сүлейменова Қазақстан мектептерінде жаңа білім стандарты сыналып жатыр, ал оның нәтижелері оқыту бағдарламаларына өзгеріс енгізуі мүмкін екенін хабарлады.

Министрдің айтуынша, елде жаңа білім беру стандарты бойынша тәжірибелік сынақ желтоқсан айының соңына дейін жалғасады. Апробация аяқталғаннан кейін нәтижелер талданып, жаңартылған оқу бағдарламалары әзірленеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар