Ресейде 18-20 қыркүйек аралығында түрлі деңгейдегі сайлау өтті. Үш күнге созылған науқанның басты бөлігі Мемлекеттік думаның тоғызыншы шақырылымын жасақтауға арналды. Сонымен бірге бірқатар өңірде губернаторлар, аймақтық парламенттер мен жергілікті өкілді органдар сайланды. Саяси науқанның алдын ала қорытындысы бойынша, “Единая Россия” партиясы басымдығын сақтап қалды. Осы тұста Dalanews.kz редакциясы Ресейдегі сайлаудың негізгі нәтижелері мен оның саяси маңызына шолу жасады.
Айта кетейік, бұл жолғы дауыс беру тек парламент құрамын жаңартумен шектелген жоқ. Сайлау Украинадағы соғыс жалғасып, Ресей экономикасына санкциялық қысым күшейген тұста өтті. Сондықтан оның нәтижесі Кремльдің ішкі саясатына берілген баға ретінде де қарастырылып отыр.
Үш күнде қандай сайлаулар өтті?
20 қыркүйек Ресейде бірыңғай дауыс беру күні болып белгіленді. Бірақ азаматтар сайлау учаскелерінде 18 қыркүйектен бастап дауыс бере бастады.
Ел бойынша 2,2 мыңнан астам сайлау науқаны ұйымдастырылып, шамамен 20,7 мың депутаттық мандат пен сайланбалы лауазымға үміткерлер анықталды. Негізгі саяси дода Мемлекеттік думаның 450 депутатын сайлау болды. Бұдан бөлек, 39 өңірде заң шығарушы органдардың құрамы жаңартылды. Сегіз аймақта губернаторлар тікелей дауыс беру арқылы, тағы үш субъектінің басшысы жергілікті парламент депутаттарының шешімімен сайлануы тиіс.
Тікелей губернатор сайлауы Мордовия, Тыва және Шешенстан республикаларында, сондай-ақ Белгород, Брянск, Пенза, Тверь және Ульяновск облыстарында өтті. Ал Қарашай-Шеркесия, Солтүстік Осетия және Дағыстан басшыларын өңірлік парламенттер анықтайды. Алдын ала нәтиже бойынша тікелей сайлауға қатысқан қазіргі әкімшілік басшылардың барлығы өз өңірінде алда келеді.
Мемлекеттік дума қалай жасақталады?
Мемлекеттік дума — Ресей парламентінің төменгі палатасы. Оның құрамында 450 депутат бар және олар бес жылға сайланады.
Депутаттардың жартысы, яғни 225 адам партиялық тізім бойынша өтеді. Қалған 225 мандат бірмандатты округтерде жеңіске жеткен кандидаттарға беріледі. Партиялық тізім арқылы Думаға өту үшін саяси ұйым кемінде 5 пайыз дауыс жинауы керек.
Бұл жүйе бір партияға екі бағытта қатар басымдық алуға мүмкіндік береді. Партия жалпыұлттық дауыс беруде жоғары нәтиже көрсетумен бірге, жекелеген округтердің басым бөлігінде жеңіске жетсе, парламенттегі мандат саны оның партиялық көрсеткішінен әлдеқайда көп болуы мүмкін.
Алдын ала нәтиже қандай?
21 қыркүйектегі мәлімет бойынша, сайлау хаттамаларының 82 пайыздан астамы өңделген. Алдын ала қорытындыда “Единая Россия” партиясы 57,76 пайыз дауыс жинап, көш бастады. Екінші орынға 13,89 пайыз көрсеткішпен Ресей Федерациясының Коммунистік партиясы жайғасты. ЛДПР 8,77 пайыз дауыс алса, “Новые люди” партиясын сайлаушылардың 7,97 пайызы қолдаған. Ал “Справедливая Россия” партиясының нәтижесі шамамен 5 пайызды құрады.
“Справедливая Россияның” көрсеткіші өту шегіне өте жақын болғандықтан, партияның тізім бойынша мандаттарды бөлуге қатысу-қатыспауы дауыстар толық саналғаннан кейін анықталады.
Бірмандатты округтерде де “Единая Россия” басымдық танытты. Хаттамалардың 75 пайыздан астамы өңделген кезде партия кандидаттары 225 округтің 208-інде алда болды. КПРФ пен “Справедливая Россия” кандидаттары және өзін-өзі ұсынған үміткерлер төрт округтен көш бастады. ЛДПР екі округте, ал “Родина” бір округте жетекшілік етті.
Егер осы көрсеткіштер сақталса, “Единая Россия” Мемлекеттік думадағы 450 орынның кемінде 300-ін иеленіп, конституциялық көпшілікке қол жеткізуі мүмкін. Бұл партияға Конституцияға өзгеріс енгізу және бірқатар маңызды мемлекеттік шешімді басқа саяси күштердің қолдауынсыз қабылдауға мүмкіндік береді.
Сайлауға қатысу көрсеткіші өскен
Орталық сайлау комиссиясының алдын ала дерегі бойынша, сайлаушылардың жалпы белсенділігі 56,66 пайызға жеткен. Бұл 2021 жылғы Мемлекеттік дума сайлауындағы көрсеткіштен жоғары.
Ресей билігі сайлауға қатысуды арттыру үшін үш күндік форматпен қатар қашықтан электронды дауыс беру жүйесін де қолданған. Федералдық электронды платформа арқылы 3,6 миллионнан астам адам дауыс берген. Осы жүйеге алдын ала тіркелген сайлаушылар арасындағы қатысу көрсеткіші 90,87 пайыз болды.
Сайлау кезінде кибершабуыл жасалғаны да хабарланды. Ресейдің ресми органдары дауыс беру жүйелеріне бағытталған шабуылдар сайлау барысына елеулі әсер етпегенін мәлімдеді.
Соғыс жағдайында өткен алғашқы парламенттік сайлау
Бұл - Ресейдің 2022 жылғы ақпанда Украинаға қарсы кең ауқымды соғыс бастағаннан кейінгі алғашқы Мемлекеттік дума сайлауы. Сондықтан Кремль үшін оның саяси маңызы ерекше болды.
Ресей билігі жоғары белсенділік пен “Единая Россияның” жеңісін қоғамның билік саясатын қолдауы және ел ішіндегі бірліктің белгісі ретінде көрсетуі мүмкін. Ал халықаралық сарапшылар бұл сайлауды Владимир Путиннің бағытын, соның ішінде Украинаға қатысты саясатын заңдастыру құралы ретінде бағалайды.
Дауыс беру Ресей өзіне қосып алған, бірақ халықаралық қауымдастықтың басым бөлігі Украина аумағы деп танитын Қырымда, Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарының Ресей бақылауындағы бөліктерінде де ұйымдастырылды. Украина бұл аумақтардағы дауыс беруді заңсыз деп атады. Еуропалық одақ та оның нәтижелерін мойындамайтынын мәлімдеді.
Саяси бәсекеге қатысты сын
Ресми бюллетеньге он партияның тізімі енгізілді. Алайда соғысқа ашық қарсы шыққан бірқатар кандидат сайлауға жіберілмеді. “Яблоко” партиясы да партиялық тізім бойынша додаға қатыса алмады.
Ресей Орталық сайлау комиссиясы сайлау кезінде нәтиженің өзгеруіне ықпал ететіндей елеулі заң бұзушылықтар болмағанын мәлімдеді. Комиссия төрағасы Элла Памфилова 90 мыңнан астам учаскеде дауыс беру өткенін айтып, тіркелген заң бұзушылықтар саны аз болғанын атап өтті.
Ал оппозициялық партиялар мен тәуелсіз бақылаушылар сайлау учаскелеріне бақылаушыларды кіргізбеу, жәшіктердің ашылуы және электронды дауыс берудің ашықтығына қатысты шағымдар түскенін хабарлады. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бақылаушылары бұл жолы шақырылмаған. Сондықтан сайлау барысына қатысты ресми баға мен тәуелсіз ұйымдардың пікірі бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленген.
Нәтиже Ресей саясатына қалай әсер етеді?
Алдын ала қорытындыға қарағанда, Ресейдегі саяси күштердің арақатынасында айтарлықтай өзгеріс болмайды. “Единая Россия”тМемлекеттік думадағы басымдығын сақтап, негізгі заңдар мен шешімдерді өзге партиялардың қолдауынсыз қабылдауға жеткілікті мандат иеленуі мүмкін.
Жаңа парламент ең алдымен қорғаныс пен әскери шығындарды қаржыландыру, санкциялар жағдайында федералдық бюджетті бекіту, сондай-ақ салық және әлеуметтік саясатқа қатысты шешімдер қабылдаумен айналысады. Бұдан бөлек, интернет пен ақпарат кеңістігін бақылауды күшейтетін бастамалар да қарастырылуы мүмкін.
Кремль соғысқа қатысқан азаматтарды елдің жаңа басқарушы тобына енгізуге басымдық беріп отыр. Сол себепті Мемлекеттік думаның жаңа құрамында әскери қызметшілер, соғыс ардагерлері және қорғаныс саласына жақын тұлғалар көбейеді деген болжам бар.