Ресей мұнайы алғаш рет Қазақстан арқылы Қырғызстанға жеткізілді

Ресей мұнайы алғаш рет Қазақстан арқылы Қырғызстанға жеткізілді
ЖИ: Dalanews.kz

2026 жылдың тамызында Ресей мұнайы алғаш рет Қазақстан аумағы арқылы Қырғызстанға транзитпен тасымалданды. Бұл туралы «ҚазТрансОйл» ұлттық компаниясы хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Компания мәліметінше, Қырғызстанға алғашқы партия ретінде 35 мың тонна ресейлік мұнай жөнелтілген.

«Мұнай Қырғыз Республикасына магистральдық мұнай құбырлары жүйесі арқылы "ҚазТрансОйл" АҚ-ның "Шағыр" мұнай құю пунктіне дейін жеткізіледі. Осы жерде мұнай теміржол цистерналарына құйылып, әрі қарай жөнелтіледі», – делінген компания хабарламасында.

Қырғызстанда бүгінде жеті шағын мұнай өңдеу зауыты жұмыс істейді. Олар шикізатты негізінен көрші мемлекеттерден сатып алады. Ең ірі кәсіпорындардың қатарында қытайлық Shanxi Coal Chemical Industry Group компаниясына тиесілі, жылына 800 мың тоннаға дейін мұнай өңдейтін «Жунда» зауыты және қуаты 500 мың тонна болатын «Кыргыз Петролеум Компани» бар.

Сарапшылардың бағалауынша, Қырғызстанның жыл сайынғы мұнай өнімдеріне сұранысы шамамен 2 миллион тоннаны құрайды. Бұған дейін елдегі қажеттіліктің 90 пайызға жуығы Ресейден импортталатын мұнай өнімдері есебінен қамтамасыз етіліп келген.

Алайда Ресейдің мұнай өңдеу саласындағы бірқатар кәсіпорындары ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылдарынан кейін жұмысын қысқартуға мәжбүр болды. Соның салдарынан экспорт көлемі азайып, Қырғызстанда жанармай тапшылығы мен бағаның өсуі байқалған.

Осы жағдайда Қазақстан арқылы ұйымдастырылған жаңа транзиттік жеткізілім Қырғызстанның мұнай өнімдеріне деген сұранысын қамтамасыз етудің қосымша тетігі ретінде қарастырылып отыр.