ҚТЖ-ның еншілес компаниясы заңсыз тапқан табысы үшін айыппұл арқалады

Қаракөз Амантай 21 ақп. 2025 11:34 473

“Қазақстан темір жолының” еншілес компаниясы “KTZ EXPRES” АҚ әскери тасымалдау саласында монополиялық жоғары тарифтер белгілегені үшін жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, 2021 жылы компания көлік-экспедиторлық қызметтер үшін белгіленген комиссиялық төлемдерді 30%-ға дейін көтерген. Тергеу нәтижесінде 10 114 304,84 теңге заңсыз табыс ретінде тәркіленіп, 853 379,7 теңгекөлемінде айыппұл салынды.

Соттың шешімімен “KTZ EXPRES” АҚ бәсекелестік заңнамасын бұзғаны үшін жазаланды.

Еске салайық, бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі Бас прокуратураның үйлестіруімен осы жылдың 8-10 ақпаны аралығында еліміздің барлық өңірлерінде кең ауқымды операция жүргізді, нәтижесінде тұтыну кооперативінің атын жамылған "Asar Baspana" қаржы пирамидасының заңсыз қызметі тоқтатылғанын хабарлады. 

Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар салымшыларға жылжымайтын мүлікті, көлік құралдарын, сондай-ақ тұрмыстық өнімдерді (биологиялық белсенді қоспалар, ас үй ыдыстары, косметика, тұрмыстық химия және басқа да тауарлар) сатып алу үшін қаражат салуды ұсынған, ал қарымына ай сайын салынған соманың 30% - на дейін пайда табуға уәде берген.

Компаниялардың кеңселерінде және күдіктілердің тұрғылықты жері бойынша жүргізілген тінту барысында 1,2 млрд теңгеден астам сомада қолма-қол ақша және  ішінде премиум класты көліктер бар 13 автомашина тәркіленді.

Екі қаржылық пирамида ұйымдастырушы ұсталып, оларға қатысты сот екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі іс-шара санкциялады.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

ҚР ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар