ҚҚС бойынша түзетулер мен өзгерістер енгізілген Салық кодексінің жобасы жарияланды

Кәмшат Тілеухан 27 ақп. 2025 16:01 366

Көптеген талқылаулардан кейін қосымша құн салығы (ҚҚС) бойынша түзетулер мен өзгерістер енгізілген Салық кодексінің жобасы жарияланды. Оған сәйкес, ҚҚС 12-ден 16%-ға артатын, ал ҚҚС төлеушіні есепке қою үшін шекті көлем 20 мың АЕК-тен 3 800 АЕК-ке дейін төмендейтін болды. Ішіндегі, ең жағымды жаңалық, БАҚ пен агроөнеркәсіп кешендерінің ҚҚС төлеуден босатылуы, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Салық кодексінің жобасында ұсынылған тың дүниелер:

  • ҚҚС төлеушіні тіркеп, есепке қою үшін шекті деңгей  20 мың АЕК-тен 3800 АЕК-ке дейін төмендетіледі (2025 жылы - 14 941 600 теңге);
  • ҚҚС мөлшерлемесі 12-ден 16%-ға дейін көтеріледі;
  • бұқаралық ақпарат құралдары мен агроөнеркәсіптік кешен субъектілері ҚҚС-тан босатылады;
  • төмендетілген 10% деңгейіндегі ҚҚС мөлшерлеме бес салада белгіленеді: денсаулық сақтау (фарминдустрия,медициналық қызметтер, ветеринария) саласындағы қызметтер; IT; туризм; креативті индустрия; әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары үшін.

Оңтайландырылған декларация негізінде арнайы салық режимі ЖК және ҚР резиденті-заңды тұлғаларына (ерекшеліктер бар) мынадай шарттарға сәйкес қолданылады:

  • бір жылдағы табысы 600 мың АЕК-тен (2 359 200 000 теңге) аспаса;
  • осы режимді қолдану мақсатында ҚР Үкіметі айқындаған жеке тұлғаларға (ЖК болып табылмайтын) тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өткізу жөніндегі қызмет түрлерін ғана жүзеге асырса.

Айта кетсек, қаңтар айының соңында Үкімет күтпеген жерден ҚҚС мөлшерін өсіру мәселесіне қайта оралды. Заң жобасына енгізілетін түзетулер мен өзгерістер бір ай ішінде апыр-топыр әзірленіп, Мәжіліске де ұсынылды. Қазір бұл заң жобасы әлі Мәжіліс қарауында екенін баса айта кетелік. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бұл бағытта өз қызметкерлері желтоқсан айынының соңынан бастап демалыссыз жұмыс істегенін де баса атап өтті.  Бірінші рет Үкімет ҚҚС-ты өсіруді 2023 жылдың күзінде қозғаған. 2024 жылдың ақпанында Тоқаев алты айлық талқылаудан кейін бұл мәселені орта жолдан тоқтатып, бетін жылы жауып қойған еді. Ал биыл ҚҚС мөлшерлемесін бірден 20 пайызға көтеру ұсынылған. Бұған бизнес қауымдастық наразылық білдіріп, үдере көтерілді. Бұл ретте петиция да жарияланды. Одан кейін 16 пайыз туралы айтыла бастады. Сол себепті Мемлекет басшысы дифференциальды ҚҚС мөлшерлемесін қарастыруды ұсынған болатын. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар