Қостанай облысында өз жұбайы мен кәмелетке толмаған ұлын өлтірген ауыл тұрғыны өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы өңірлік соттың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сот шешіміне сәйкес, айыпталушы Н.-ға қылмыстың ауырлығы, оның қоғамға қауіптілігі және іс бойынша анықталған мән-жайлар ескеріліп, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтеу белгіленген.
Іс ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 14-тармағының 1-тармақшасы бойынша (екі адамды, оның ішінде кәмелетке толмағанды өлтіру) қаралды.
Тергеу дерегінше, 2025 жылғы 29 қыркүйекте Аманқарағай ауылының тұрғыны Н. түнде үйінде жұбайына қызғаныш танытып, онымен сөйлесуге барған. Қолына пышақ ұстаған ер адамды осы кезде кәмелетке толмаған ұлы Д. тоқтатпақ болған. Айыпталушы баласына бірнеше рет пышақ сұққан.
Шу шыққаннан кейін оянған жұбайы С. ұлын арашаламақ болғанымен, күдікті оған да пышақпен бірнеше рет соққы жасаған. Ауыр жарақат салдарынан анасы мен баласы оқиға орнында көз жұмды.
