“Қош бол, Станислав Саламұлы!”. Желіде Черчесов қызметінен кетеді деген хабар тарады

Қаракөз Амантай 24 жел. 2024 09:28 1123

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов қызметінен кетуі мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы Ино-Карп телеграм арнасы мәлімдеді.

“Станислав Черчесов Қазақстан құрамасынан кетеді. Футбол федерациясының жаңа президенті ресейлік маманды қызметінен босатып, орнына екі қазақстандық және бір еуропалық маманның кандидатурасын қарастырып жатыр. Черчесовтың кезінде Қазақстан Ұлттар лигасында бірде-бір матчта жеңіске жете алмады, ал жалпы гол айырмашылығы – 0:15. Бұл туралы комментатор Маулен мәлімдеді”, — дейді дереккөз.

Аталған ақпаратқа белгілі журналист Михаил Козачков та пікір білдірді.

“Станислав Черчесов Қазақстан футбол құрамасының бас бапкері қызметінен кетуі мүмкін деген хабар тарады. Енді “келісімшартты бұзуға миллион еуро төлеу керек, ақшаға обал” деген әңгіме қозғалатыны анық. Иә, бұл аз қаражат емес. Бірақ бұл шешім бізге әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде жаңа мүмкіндіктер сыйлауы мүмкін. Қарсыластарымыз да айтарлықтай қиын емес: Бельгия қиын кезеңдерді бастан өткеруде, Уэльс туралы нақты айту қиын, ал Солтүстік Македония мен Лихтенштейнді мықты бапкердің, мысалы, Магомед Адиевтің жетекшілігімен жеңуге әбден болады. Үздік үштікке таласуға мүмкіндігіміз бар. Қысқасы, қош бол,  Станислав Саламұлы!”, — деп жазба қалдырды ол.

Еске сала кетейік, ресейлік маман бас бапкерлікке келгеннен бері Қазақстан құрамасы бес ойында жеңіліп, бір кездесуде тең түсті. 

Айта кетейік, бұған дейін Черчесов көпшіліктің сынына іліккен еді. Ұлттар лигасы аясында Словениямен өткен мачтан кейінгі баспасөз конференциясында марқұм Амангелді Сейітханның ұлы Бегасыл Сейітхан Станислав Черчесовке қазақ тілінде сұрақ қояды. Бас бапкер журналистің үстіне Францияның ПСЖ клубының жейдесін киіп алғанын әзілге айналдырғысы келді ме, әйтеуір: "Сен қай тілде сөйлеп тұрсың – французша ма?" деп сөзін бөлді. Сонан соң басын изеп, сұрағын жалғастыруға болатынын аңғартты.

Одан кейін көпшілік Станислав Черчесовтің мұнысын қазақ тілін кемсітуге балап, әлеуметтік желіде осы сұқбаттың видеосын жаппай бөлісе бастады. Туризм және спорт министрлігі бұл жағдайға бей-жай қарамай, Қазақстан футбол федерациясына ресми хат жолдады. Көп ұзамай Черчесовке айыппұл салынғаны белгілі болды. Парламентте бұл жайлы Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов мәлім етті. Туризм және спорт министрі осы жағдайлардан соң елді сабырға шақырып, желіде жазба жариялады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар