Әскерде қаза тапқан Ұлттық ұлан сарбазының анасы ұлының өліміне қатысты әділ әрі ашық тергеу жүргізуді талап етіп, видеоүндеу жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Мен – 2023 жылы Астана қаласындағы Ұлттық ұланға шақыртылған сарбаз Сұлтанов Қайсардың анасы Сәуле Тлеубергенова. Ұлымды офицер аяусыз және қатыгездікпен атып өлтірді. Тергеу бұл оқиғаны өзіне қол жұмсау деп жаппақ. Бірақ мен мұнымен келіспеймін. Қолымда айғақтар мен сараптама қорытындылары бар. Ұлымның иегінен екі оқтың ізі анықталды. Алғашқы атылған оқ кезінде оның тілі, таңдайы, маңдай бөлігі, бас миы мен сүйектері қатты зақымданған. Содан соң бес-алты минуттан кейін екінші оқ атылған", – деді марқұмның анасы видеоүндеуінде.
Еске салайық, Қайсар Сұлтанов 2023 жылдың қазан айында 6636 әскери бөлімінде борышын өтеп жүргенде қаза тапқан. Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жалғасуда. Сарбаздың анасы тергеудің созылып жатқанын және оқиғаның жай-жапсары жасырылады деп күдіктеніп отыр.
Билік 9 қазан күні 6636 әскери бөлімінің сарбазы, қатардағы жауынгер Қайсар Сұлтановтың әскери қалашықты күзету кезінде түнгі уақытта өз бекетінде басынан оқ жарақатын алған күйінде табылғанын хабарлаған болатын.
Айта кетейік, бұған дейін Жетісу облысында әскери қызметін өтеп жүрген сарбаз Дастан Құрманбектің қаза тапқаны туралы да жазған едік.
Ресми дерек бойынша, оның қазасы "өз-өзіне қол жұмсау" деп танылған. Алайда марқұмнык ата-анасы бұл нұсқаға сенбейді.
Олар Qaz365 агенттігіне оқиғаның мән-жайын баяндап берген болатын.
"Баламның өзін-өзі өлтіруі мүмкін емес. Бір күн бұрын ғана барып қайттық, бәрі жақсы еді," – деді марқұмның әкесі.
Ал анасы Дастанды өте төзімді, сабырлы бала болғанын айтады.
"Үйде ауырса да ешкімге айтпайтын. Әскерде қиын боларын білсе де, 'шыдаймын' деп кеткен еді," – дейді ол.
Ата-анасының айтуынша, қайғылы жағдай алдында Дастан телефон арқылы үш күн бойы ұйықтамай, суықта нарядта тұрғанын айтқан. Олар ұлымен кездесу үшін арнайы барып қайтқан соң, ертеңіне оның қаза тапқаны туралы суық хабар жеткен.
Құрлық әскерлері басшылығының мәліметінше, сарбаз қарумен жұмыс істеу ережелерін сақтамағандықтан жарақат алған. Оқиғаның нақты себептерін арнайы комиссия анықтап жатыр.