Күні кеше ғана ең жас отыздан асқан Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек қызметінен босады. Ол Жамбыл облысына қайтады дейді, – DALA INSIDE дереккөзі.
"Тамабек Сол жағалаудағы тусовкаға сыймады. Себебі жер "лоббистерімен", латифундистермен ашық күрес жүргізді. Әсіресе Respublica партиясына ұнамай қалды"
Жас қасқыр Әбілхайыр Тамабек Мәжілістің кезекті бір отырысында Respublica партиясының төрағасы, аграрлық комитет мүшесі Айдарбек Қожаназаровпен ашық тартысқа кетіп еді.
Сол залдағы тартыс кабинетаралық интригаларға ұласқанын естігенбіз. Қожаназаров қатты ренжіп, Мәжіліс депутаттарынан біртіндеп қол жинап, Тамабектен құтылудың жолдарын іздеген. Тіпті, көпшілік алдында кешірім сұратуға да тырысқан көрінеді.
Сол оқиғадан кейін Тамабек Мәжіліс жиналыстарына қатыспайтын болды. Ал депутат Қожаназаровтың жер мәселесіндегі әлсіз тұсы – басқаруындағы 400 мың гектар жері болып отыр. Тамабек қызметтен кеткеннен кейін жиналысқа келген министр, вице-министрлерді "сабап алуға" үйренген депутаттардың тынысы кеңейді.
Ақпарат құралдары экс вице-министрдің екі жылда мемлекет меншігіне он миллион гектар жер қайтару, сол жерді шаруаларға әділ бөлу, субсидия саласындағы өзгерістерге батыл қадамдар жасау сияқты істермен есте қалғанын жазып жатыр. Президент Тоқаев батыл қадамдар керек десе де, қой терісін жамылып Парламентке кіріп алған латифундистерге "батыл қадамдар" мүлде ұнамады.