Freedom Inside '26

“Мектепті қызметкерлер жөндеп жүр ме?”. Түркістан облысындағы видео жұрттың ашуын туғызды

“Мектепті қызметкерлер жөндеп жүр ме?”. Түркістан облысындағы видео жұрттың ашуын туғызды
Фото: видео кадры

Әлеуметтік желіде Түркістан облысы Созақ ауданына қарасты Көктөбе ауылындағы мектептен түсірілген видео қызу талқыға түсті. Кадрларда білім ордасының қызметкерлері қабырғаны қырып, сырлау жұмыстарына қатысып жүргені байқалады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Аталған видеодан кейін көпшілік арасында “жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржы қайда жұмсалды?”, “мердігер ұйымдар қайда?”, “техникалық қызметкерлер құрылысшылардың жұмысын атқарып жүр ме?” деген сұрақтар туындады.

Осыған байланысты Созақ аудандық білім бөлімі түсініктеме берді.

Ведомствоның мәліметінше, видеода көрсетілген жұмыстар мектепті жаңа оқу жылына дайындау аясында жүргізіліп жатқан жоспарлы шара.

“Мектептің техникалық қызметкерлері өздерінің лауазымдық міндеттері шеңберінде ұсақ жөндеу, ретке келтіру, тазалық сақтау және абаттандыру жұмыстарына қатысады. Бұл жерде құрылыс немесе күрделі жөндеу жұмыстары техникалық қызметкерлерге жүктеліп отырған жоқ”, - делінген хабарламада.

Білім бөлімінің мәліметінше, қызметкерлер қосымша немесе артық жұмысқа тартылмаған. Олар барлық жұмыс қолданыстағы еңбек талаптарына сәйкес жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Сондай-ақ мекеме өкілдері білім беру ұйымдарының негізгі міндеттерінің бірі – оқушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру екенін атап өтті.

“Жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жоспарлы түрде және заң талаптарына сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Қоғамды нақты деректерге сүйенуге шақырамыз”, - деп мәлімдеді білім бөлімі.