Freedom Inside '26

Алматыдағы жантүршігерлік жол апаты: қаза тапқан Томиристің әкесі Александр Пактан 100 млн теңге талап етті

Алматыдағы жантүршігерлік жол апаты: қаза тапқан Томиристің әкесі Александр Пактан 100 млн теңге талап етті
Фото: Dalanews

Алматыда әл-Фараби даңғылында болған адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасына қатысты сот процесінде қаза тапқан Томирис Қыдырбектің әкесі айыпталушы Александр Пактан 100 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы талап етті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл талапты сот отырысында марқұмның әкесінің мүддесін қорғайтын адвокат Мейірман Шекеева мәлімдеді. Бұған дейін, 19 маусымда Томиристің әкесі сотта сөйлеген сөзінде Александр Пакты кешірмейтінін және одан ешқандай ақша алмайтынын айтқан болатын.

Сот Томирис Қыдырбектің әкесін іс бойынша жәбірленуші ретінде таныды. Ал марқұмның анасы бұған дейін айыпталушыны кешіргенін және оған қатысты ешқандай талабы жоқ екенін мәлімдеген еді.

Еске сала кетейік, Александр Пак Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған жантүршігерлік жол апатына байланысты сот алдында жауап беріп жатыр. Апат салдарынан үш адам қаза тапқан. Бұған дейін ол сотта өз кінәсін толық мойындаған болатын.