Алматыда өтіп жатқан сот процесінде «КазТАГ» агенттігінің бас редакторы Амир Касенов денсаулығының күрт нашарлағанын айтып, өзіне екі күн ғана өмір қалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Онлайн режимде сотқа қосылған журналист өзінің сот залына жеткізуді сұрағанын, алайда өтініші орындалмағанын айтты. Оның сөзінше, соңғы тілегі – жұбайын көру.
«Өлер алдындағы соңғы тілегім – әйелімді көру. Маған екі күн ғана қалды. Менің жағдайым сіздердің заңсыз шешімдеріңізге байланысты», – деді Амир Касенов сот барысында.
Журналист бұған дейін де өзін қамауға алу туралы шешімге қарсылық білдіріп, құрғақ аштық жариялаған болатын. Ол тірідей сотталуға келіспейтінін айтып, «ертең менің мәйітімді соттауға тура келеді» деген мәлімдеме жасаған.
Амир Касенов бастапқыда үйқамақта болған. Алайда сот оның әлеуметтік желілерде бірнеше видеоүндеу жариялағанын және процесс талаптарын бұзғанын негізге алып, бұлтартпау шарасын қамауға ауыстырды. Сот мәліметінше, ол 2 және 15 маусымда интернетте өз ісіне қатысты үндеу жасаған, сондай-ақ 11 маусымдағы сот отырысына келмеген.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов бұл даудың мәнін түсінбейтінін айтып, тараптарды медиация арқылы ымыраға келуге шақырған еді. Оның пікірінше, мұндай істе бедел мен қоғамдық сенім бәрінен маңызды.
Қазіргі таңда журналистің жағдайы алаңдаушылық туғызып отыр. Адвокаттар оның денсаулығының нашарлағанын айтып, бұлтартпау шарасын өзгертуді талап етуде. Кейінірек оның тергеу изоляторынан ауруханаға жеткізілгені белгілі болды.
Касеновке қатысты қылмыстық іс Freedom Finance компаниясының арызынан кейін қозғалған. Бас редактор тағылған айыптарды мойындамайды және істі өзінің кәсіби қызметімен байланыстырып келеді.