Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатовтың "Микроқаржыландыру және даму" өзін-өзі реттеу ұйымы кеңесінің төрағасы Эльман Мехтиевпен Ресей Федерациясының қаржы нарығында өзін-өзі реттеуді енгізудің оң тәжірибесін талқылау бойынша кездесуі өтті, деп жазады Dalanews.kz.
Сонымен бірге кездесуге микро қаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктер қауымдастықтарының басшылары қатысты.
"Кездесу барысында өзін-өзі реттейтін ұйымдарды (ӨРҰ) құру және олардың жұмыс істеуі, ӨРҰ-ның қаржы реттеушісімен өзара іс-қимылы, тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері, сондай-ақ Ресей Федерациясының қаржы нарығында өзін-өзі реттеу институтын енгізудің үздік практикалары талқыланды. Қазіргі уақытта агенттік микроқаржыландыру және коллекторлық қызметтер нарығында өзін-өзі реттеуді енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл бастама нарық субъектілерінің өзін-өзі реттеуін, сыртқы және ішкі факторларға икемділігі мен бейімделуін арттыру арқылы олардың бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыруға бағытталған", делінген ресми хабарламада.
Тәжірибе алмасу ынтымақтастықты нығайтуда және Қазақстанның қаржы нарығында өзін-өзі реттеуді енгізудің табысты тәсілдерін қолдануда маңызды қадам болмақ.
"Микроқаржыландыру және даму" өзін-өзі реттеу ұйымы - Ресей Федерациясының микроқаржы нарығындағы 313 қатысушыны біріктіретін аса ірі ұйым, олардың үлесіне нарықтың жиынтық несие портфелінің 80%-дан астамы тиесілі.