Қызылордалық жұмыс берушіні сотқа беріп, 1 млн теңге жалақы мен зейнетақы жарнасын өндіріп алды

Кәмшат Тілеухан 16 шіл. 2025 11:54

Қызылорда қаласының тұрғыны өзі жұмыс істеген ЖШС-нің үстінен жалақы қарызы мен міндетті зейнетақы жарнасын өндіру туралы талап қою арызымен жүгініп, сотта жеңіп шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ол жұмыс берушіден 2023 жылдың қазанынан 2024 жылдың сәуіріне дейінгі аралықта жол жұмысшысы ретінде жұмыс істегені үшін 1 миллион теңгеден астам жалақы мен жарна өндіруді талап еткен.

Бейінді министрліктің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің облыстық департаменті жүргізген тексеріс ҚР Еңбек кодексін бұзу болып табылатын 1 миллион теңгеден астам жалақының төленбеу фактісін растады.

Жұмыс берушінің Департаменттің берешекті және мерзімінде төлемегені үшін өсімпұлды төлеу туралы ұйғарымын орындамауына байланысты 2024 жылы әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған сот ЖШС-ны ҚР ӘҚБтК-нің 462-бабының 3-бөлігімен жауапкершілікке тартып, 516 мың теңге айыппұл салған.

Төлем парақтарына сәйкес, ЖШС 2023 жылдың қазан айынан бастап 2024 жылдың сәуіріне дейінгі кезеңде қызметкерге міндетті зейнетақы жарналарын есептеген. Алайда, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) үзінді көшірмеге сәйкес, бұл кезеңге нақты аударымдар болмаған. Осылайша, есептелгенімен, қорға жарналар түспеген.

Қызылорда қалалық соты істі қарап, талап қоюды қанағаттандырып, ЖШС-нен 1 миллион теңгеден астам жалақы берешегін өндірді. Сондай-ақ сот ЖШС-ны көрсетілген мерзімге "БЖЗҚ" АҚ-на міндетті зейнетақы жарналарын аударуды міндеттеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар