ҚР сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бүгінгі Үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Ол жалпы ӘМАТ бағасын тұрақтандыру бойынша жұмыс ұйымдастырылғанын және бақылауда екенін атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Апта сайынғы негізде кеңестер өткізіледі, онда әрбір тауар мен өңір бөлінісіндегі мәселелер жедел түрде шешіледі.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі жыл басынан бері 100,8%-ды, тамызда 0%-ды, қыркүйектің алғашқы үш аптасында 0,1%-ды құрады.
"Көкөніс тобы тамыз айының басынан бастап картоп, сәбіз және пияз сияқты өнімдерге бағаның өсуін орта есеппен 2,5 есе төмендете алды. Тұз, жұмыртқа, картоп және күнбағыс майы бойынша отандық өндірушілермен жыл соңына дейін бағаны белгілеу жөнінде меморандумдар жасалды. Макарон өнімдері, ұн және күріш бойынша индекс көрсеткіші төмендеген", — деді Арман Шаққалиев.
Ішкі нарықты толықтыру үшін 15 мамырдан бастап тірі малды әкетуге тыйым салынды, сонымен қатар ет әкетуді ветеринарлық бақылауды күшейту және сиыр етін экспорттау квотасын тек ет өңдеуші кәсіпорындарға белгілеу жөніндегі ұсыныстар қолдау тапты.
Қосымша сиыр еті бойынша фермерлерден сауда желілеріне ет жеткізуді қамтамасыз ету үшін сауда желілерімен келісімге қол жеткізілді. Ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін қажетті көлемді АШМ қамтамасыз етеді.
"Бақылау шаралары аясында және делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі комиссияның жұмысы барысында тиімсіз делдалдар анықталып, жойылады. Сауда министрлігі "Қазақтелекоммен" бірлесіп, делдалдарсыз тек тауар өндірушілерді, сауда желілерін және ӘКК-ні тікелей қамтитын агромаркетплейсті іске қосуды пысықтауда. Бұл жобаны іске қосу жыл соңына дейін жоспарланған", деп нақтылады Шаққалиев.
Өсімдік шаруашылығында 2025 жылдың жеті айында экспорттың өсімі құндық мәнде 51%-ды құрады, оның ішінде:
- бидай (56%);
- күнбағыс майлары (76%);
- мал азығы (152%);
- арпа (94%);
- зығыр тұқымдары (60%).
Мал шаруашылығында экспорттың өсімі 27%-ды құрады. Экспорттық бағыттарды одан әрі кеңейту үшін биыл ЕАЭО-ның БАӘ және Моңғолиямен емін-еркін сауда қатынасы туралы келісімдерге қол қойылды, ЕАЭО мен Индонезия арасында да осындай келісімге отыру жоспарлануда.