ҚазҰУ-да Орталық Азия бойынша бірегей экологиялық зертхана ашылды

Жарбол Кентұлы 27 нау. 2024 17:19 7077

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қашықтан зондтау технологиясы және қолдану» қазақ-қытай бірлескен зертханасы ашылды.
Жаңа орталық Орталық Азия өңіріндегі климаттың өзгеруі салдарынан орын алған су тапшылығы, құрғақшылық, жердің құнарсыздануы сияқты экологиялық мәселелерге мониторинг жүргізеді. Қашықтан бақылау арқылы аймақтағы табиғи қауіп-қатерді алдын ала ескертіп, экологиялық қауіпсіздік пен тұрақты дамуды қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде Қазақстан, Қытай және Орталық Азия үшін жоғары деңгейдегі халықаралық ресурстық және экологиялық платформа құруға мүмкіндік береді.
Салтанатты шараға ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы ҚКП партия комитеті хатшысының орынбасары, ШҰАА Халық үкіметінің төрағасы Еркін Тунияз, ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, Қытай ғылым академиясы Шыңжаң экология және география институтының бас директоры Чжан Юаньмин, Шыңжаң университетінің президенті Яо Цян, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Халық үкіметі хатшылығының басшысы Чжоу Сюйюн, ҚазҰУ ғалымдары мен оқытушылары, білім алушы жастар қатысты.
Іс-шарада Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аудандық комитетінің губернаторы Еркін Тунияз жаңадан ашылған зертхана ғылым бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстың жарқын көрінісі екенін атап өтті.
«Бүгінгі ҚазҰУ базасында құрылған орталық екі мемлекеттің қарым-қатынасының күн санап артып келе жатқанының айқын дәлелі. Қазақстан мен ҚХР арасындағы өзара ынтымақтастық пен стратегиялық серіктестік әртүрлі саяси тенденцияларға емес, берік негізге құрылған. Қазақстан мен Қытай – жақын көрші, сенімді дос және стратегиялық әріптес. Алдағы уақытта достық байланысты одан әрі жандандандыру бойынша жүйелі жұмыстар атқарылады деп санаймын», – деді Еркін Тунияз.
Ашылу салтанатында Талғат Ешенқұлов ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтауын жеткізді.

«Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылым мен жоғары білім саласында көпжылдық және жемісті ынтымақтастық жолға қойылған. Министрлік соңғы екі жылда жетекші жоғары оқу орындарымен, соның ішінде Қытай университеттерімен стратегиялық әріптестікті құру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Алты мыңнан астам халықаралық келісімшарттың 249-ы Қытай ЖОО-ларымен жасалған. Осы келісімдер аясында қосдипломды білім беру, біріккен орталық құру, академиялық ұтқырлықты дамыту сынды жобалар қолға алынды. Соның басым көпшілігі осы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында жүзеге асырылуда», – деді вице-министр.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев өз сөзінде: «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев І Орталық Азия – Қытай саммитінде сөйлеген сөзінде Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегінен мысал келтірді. Дүниежүзінде 2050 жылға қарай 5 миллиардтан астам адам ауызсуға мұқтаж болуы мүмкін. Мемлекет басшысы: «Климаттың өзгеруіне байланысты біздің аймақтың басты су көзі саналатын мұздықтар да күрт азайып барады. Осы жағдай Орталық Азияның азық-түлік, энергетика және экология қауіпсіздігіне едәуір қатер төндіреді. Сондықтан бірлесіп шұғыл шаралар қабылдауымыз қажет», – деп атап өткен болатын. Сондай-ақ су ресурстарын өзара келісіп, ұтымды пайдалану, тиімді цифрлық тәсілдерді қолдану, су шаруашылығы саласына жаңа технология енгізу бойынша ұсыныстар жасады. Сондықтан біздің мақсатымыз – табиғат ресурстарын тиімді пайдалану мен қоршаған ортаны зерттеу саласындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты нығайту», – деді.
Бірлескен зертхана Орталық Азия бойынша жұмыс істейтін, табиғат ресурстарына мониторинг жүргізетін жалғыз орталық. Сондықтан бұл зертхана ғылыми зерттеулердің орны ғана емес, Орталық Азиядағы қоршаған ортаны тұрақты дамытудың басты хабына айналмақ. Зертхана ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетінде орналасқан.
Шара соңында ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев пен Қытай ғылым академиясы Шыңжаң экология және география институтының бас директоры Чжан Юаньмин ортақ ғылыми зертхананы іске қосу бойынша келісімшартқа қол қойды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарапынан жаңа ғылыми зертханаға 500 шаршы метр болатын аумақ бөлініп, жөнделсе, Қытай тарапынан 55 млн теңгеге (шамамен 1 млн юань) зертханалық құралдар мен жабдықтар орнатылды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар