Қазынашылық комитеті 124 млрд теңгені желге шашқан - аудит қорытындысы

Кәмшат Тілеухан 03 жел. 2024 10:09 360

Қазынашылық комитетінен 70 рәсімдік бұзушылық пен 15 жүйелі кемшілік анықталды. Салдарынан бюджеттің ықтимал шығындары 124 млрд теңгеден асты, деп хабарлайды Dalanews.kz

Қазынашылық комитетінің қызметіне аудит жүргізген Жоғары аудиторлық палата осындай қорытындыға келіп отыр.

"Қазынашылық комитеті Бюджет кодексінің нормаларын бұза отырып, 2021-2023 жылдардың жекелеген айларында эмиссиялық бағалы қағаздарды бастапқыда жоспарланған көлемнен артық шығарған. Ал республикалық бюджеттің қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы қаражат қалдығының болжамы оң болған. Бұл 124 млрд теңгеден астам бюджеттің ықтимал шығындарына әкелді", делінген ЖАП баспасөз қызметінің 3 желтоқсанда таратқан хабарламасында.

Мәселен, қазынашылық органдарының ағымдағы бақылауы растайтын құжаттың бар-жоғы тұрғысынан ғана жүргізіледі. Бұл жерде оның заңнамада белгіленген нысанға сәйкестігі, сондай-ақ авторлық және техникалық қадағалауларды растау туралы белгінің бар-жоғы тексерілмейді.

Мысалы, Алматы қаласының Қазынашылық департаменті әкімшілік ғимараттардың бірін реконструкциялау шеңберінде 2,5 млрд теңгені құрайтын орындалған жұмыстардың құны туралы сол бір анықтама бойынша жалпы сомасы 3,7 млрд теңгеге екі рет төлем жүргізген. Мұндай жағдайлар бірнеше рет қайталанған.

Сонымен қатар Жоғары аудиторлық палата төрағасы аванстық төлемдерге байланысты мәселелерге назар аударды. Мәселен, аумақтық қазынашылық органдары бюджет заңнамасының нормаларын бұза отырып, өткен жылдардағы аванстың өтелмеген сомасы бола тұра, сондай-ақ бұрын төленген аванстарды пропорционалды ұстап қалмай, жаңа аванстарды төлеуге берілген шоттарды орындаған.

Әлихан Смайылов бюджет заңнамасының талаптарын бұзатын төлемдерді жүргізу мүмкіндігін автоматты түрде бұғаттау үшін орталық қазынашылық аппараты қолданыстағы ақпараттық жүйені пысықтауы қажет екенін атап өтті.

Сонымен қатар бірқатар себеп бойынша бюджет қаражатының мақсатқа сай пайдаланылуын, мемлекеттік жобаларға қатысушылардың салықтар мен бюджетке төленетін басқа да төлемдерді төлеу толықтығын бақылауды әрдайым қамтамасыз ете алмайтын қазынашылық сүйемелдеу жүйесіне де қатысты көптеген сұрақ туындады.

"Мәселен, жобаларды қазынашылық сүйемелдеу шеңберінде қосалқы мердігерлер үшін мемлекеттік сатып алу шоттарын ашу мемлекеттік кірістер органдары жүргізген тәуекелдерді талдау нәтижелерін үнемі ескере бермейлі. Бұл жобаларға жосықсыз қосалқы мердігерлердің қатысуына әкеп соғуы мүмкін. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу шоттарынан төлемдерді ақшаны түпкілікті алушылардың банк шоттарына аударуды аумақтық қазынашылық органдары олардың тауарларды, жұмысты немесе көрсетілетін қызметтерді өндіруші мәртебесін растамай жүзеге асырған", делінген қорытынды құжатта.

Бейінді мемлекеттік органдар да қазынашылық сүйемелдеуді енгізу мақсаттарына қол жеткізуге мониторинг пен талдау жүргізбейді.

Жалпы, жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша:

  • 70 рәсімдік бұзушылық және 15 жүйелі кемшілік анықталды;
  • бюджеттің ықтимал шығындары 124 млрд теңгеден асты.  

Жоғары аудиторлық палата барлық анықталған кемшілік пен бұзушылықты жою үшін тиісті тапсырмалар мен ұсынымдар берді.

Бұл жұмыс нәтижелері электронды түрде тіркеле отырып бақыланатын болады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар