Qazforum қазақтілді медиаға не береді?

Dalanews 07 ақп. 2020 09:41 782

Астанада қазақтілді онлайн контент жасаушыларға арналған Qazforum төртінші рет өтуде деп хабарлайды dalanewz.kz arasha.kz порталына сілтеме жасап.


Жыл сайын өтіп келе жатқан бұл форум аты айтып тұрғандай, қазақ онлайн контент жасаушыларының, қазақ интернет журналистикасының, қазақ сайттарының проблемасын көтеріп, оны шешудің жолдарын қарастырады. Форумға қазақ баспасөзін білетіні бар, білмейтіні бар, оқитыны бар, оқымайтыны бар көп адам қатысып, түрлі тақырыптарда пікір алмасады, ой айтады. Жөн-ақ! Сырт қарағанда, Астанадағы ақ түтек боранмен жағаласып өтіп жатқан көп форумның бірі. Алайда, бір бірақ бар…


Бір бір-ақты айтпас бұрын әуелі қазақ интернет журналистикасының жалпы ахуалына өз білгенімізше тоқталсақ. Қазақ баспасөзі мемлекеттік және мемлекеттік емес болып екіге бөлінеді. Қазақ сайттары да солай. Бұған ірі саяси һәм қаржылық топтар мен саяси партиялар құрған және қаржыландырып отырған қазақ сайттарын қосыңыз. Тағы бар. Биліктегі ықпалды тұлғалардың панасында отырған баспасөз де бар. Жалпы көрініс осындай болған соң, оның әлеуеті де әрқалай болатыны түсінікті.


Айталық, мемлекеттік БАҚ қазақ баспасөзінің проблемасына, оны шешудің жолдарына, жарнама нарығына бас қатырмайды деуге болады.



Өйткені ол – мемлекеттік БАҚ. Қаржыны мемлекет бөледі. Барлық тараптан уәкілетті органның панасында. Сондықтан қазақ баспасөзі және оның мәселелері дегенде біз жекеменшік, яғни ақпарат нарығындағы азды-көпті тәуелсіз, баламалы баспасөзді айтып отырмыз. Жоғарыда айтқан форум тап осы қазақ интернет кеңістігіндегі тәуелсіз қазақ онлайн контент жасаушыларының мәселелерін талқылайды. Нақтырақ айтқанда, біз солай түсінеміз.


Қазақ халқының саны өскен сайын қазақ тіліндегі ақпаратқа деген сұраныс артып, бұрын тек орыс тілінде ақпарат тарататын баспасөз қазір қазақ тіліндегі қосымшасын ашты. Бірақ ол қосымшаның контенті бөлек тақырып. Мұндағы айтпағымыз, қазақ сайттарына арнап жыл сайын форум өткізудің ар жағында ақпарат нарығының қазақ тіліне қарай ойысып келе жатқаны. Оның үстіне АҚШ секілді үлкен елдер геосаяси тұрғыдан Қазақстандағы қазақ баспасөзінің дамуына мүдделі. Яғни, сол арқылы Қазақстандағы орыс баспасөзінің ықпалын азайту.


Қазақстанға сапарында АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео Азаттық радиосына берген сұхбатында: «Өз тарапымыздан арнайы қолдау көрсетеміз, бізде бұл мақсатта жұмыс істейтін бағдарлама көп. АҚШ мемлекеттік департаментінің журналистерге тренинг ұйымдастыру және баспасөз еркіндігін қамтамасыз ету бойынша қандай үлкен жұмыс атқарып жатқанын журналист ретінде білесіз деп ойлаймын».


Помпео айтып отырған көп бағдарламаның бірі осы – QazforumФорумның құрылтайшысы – Қазақстандағы АҚШ елшілігі. Ұйымдастырушы – Қазақстан баспасөз клубы.


Ал осы форум қазақ онлайн контент жасаушыларының, яғни қазақ сайттарының өзекті проблемасын шынымен көтеріп, оның шешілу жолдарын қарастырып, қазақ интернет журналистикасының дамуына қандай да бір ықпалы тиді ме дейтін сауал туады.


Жоқ әлде жәй ғана АҚШ елшілігінің ақшасына форум жасап, аса ұзақ және терең ақпараттық стратегиялық үлкен мәселелерді жалпылама сөз етіп, арасында баяғыдай қазақ баспасөзіне ақыл айтып, жол көрсетіп тарап жүр ме? Осы тектес сауалдарды біз тәуелсіз қазақ сайттарының бас редакторларына қойған едік.


Ескерте кететін бір жайт, біз qazforum құрылтайшысы – Қазақстандағы АҚШ елшілігіне және форумның ұйымдастырушысы – Қазақстан баспасөз клубына хабарластық. Екі жақтың да форумға қатысты айтқандарын алда жариялаймыз.


«Форумдарға біз кейіпкер ретінде ғана қатысамыз»



Думан Бықай, dalanews.kz сайтының бас редакторы:


– qazforum қазақ сайттарының дамуына ықпал етті, етіп жатыр деп айта алмаймын. Жалпы БАҚ саласына қатысты кез келген форум қазақ тіліндегі контенттің дамуына сеп болған жоқ. Қазақ медиасы, қазақ сайттары өз күнін өзі көріп жүр. Елдегі қазақ баспасөзіне қатысты көзқарас өзгермей, қос тілді саясат біртіндеп мемлекеттік тілге қарай ойыспайынша, бізде ешқандай даму болмайды және оған ешбір форум көмектесе алмайды.


Екінші мәселе, qazforum-ды қаржыландырып отырған АҚШ елшілігі екен. Біздің редакция бұған дейін бірқатар батыстық ұйымдармен жұмыс істеуге тырысты. Солардың барлығында орыс тілді мамандар отыр. Ал орыс тілді маман отырған жерде қазақ контентімен қалай жұмыс істейді? Оларға өзіңнің көзқарасыңды, өз приципіңді, ұстанымыңды қалай түсіндіресің? Ол оны қабылдай алмайды. Бәлкім АҚШ елшілігінің ниеті дұрыс та шығар. Бірақ АҚШ елшілігінің, басқа да батыстық ұйымдардың қазақ тілді контентті дамытуға деген қаржы-қаражаты орыс тілділердің қолына түсіп жатыр. Батыстық ұйымдардың бізге бөлген ақшасы алдымен қазақ тілді мамандардың қолына түсуі керек. Сол қаражатты қазақ тілді мамандар үлестіруі керек. Мұны өз тәжірибемнен айтып отырмын. Егер мұндай ұйымдар қазақ тілді контентті дамытуға шынымен де ықыласты болса, қазақ тілді сегментке бөлінетін қаражатты нақты біздің қолымызға тигізудің басқа тетігін қарастырған жөн секілді. Дәл қазіргі амалдар ақша шашудың жолы тәрізді көрінеді.


Өткенде Тоқаевтың өзі берекесіз басқосулар, керексіз конференциялар, осындай форумдардың бәрін тыйыңдар деп айтты ғой. Президент сөзінің бұл форумға да қатысы бар деп ойлаймын.



Тағы бір мәселе, мұндай форумдардан кейін қазақ тілді сайттардың, қазақ тілді контенттің жағдайы оңалып жатса, бәлкім біз дәл қазір осылай күйіп-піспес едік. Форумдарға біз кейіпкер ретінде ғана қатысамыз.


Егер АҚШ және басқа да батыстық ұйымдар біздің елімізде шынымен де демократиялық өзгеріс болғанын қаласа, бөлінген қаражаттың қазақ тілді ұйымдардың, мемлекеттік тілдегі сайттардың қолына түскенін қадағалауы керек. Алайда қазіргі бөлініп жатқан қаражат орыс тілді ұйымдар мен сайттардың қолында кетіп жатыр. Ашығын айту керек, олар қазіргі Ресейдің саясатына қарсы шықпайды. Олардың жобаларынан Ресей саясатының иісі аңқып тұрады. Ал оны бақылап жатқан кім бар?


«Қазақ баспасөзіне бір-ақ нәрсе – жарнама берушілерге рейтинг жасайтын тәуелсіз ұйым керек»



Руслан Ербота, «malim.kz» қоғамдық-саяси сайтының бас редакторы:


Мұндай форумдарға қатысып көргем жоқ. Алда өтетін форумның күн тәртібіне қойған мәселелерді көрдім. Талқылауға, ақылдасуға, пікір алмасуға тұратын дүниелер.


Қазақ сайттары, қазақ баспасөзіне бір-ақ нәрсе – жарнама берушілерге рейтинг жасайтын тәуелсіз ұйым керек.Қазақстандағы БАҚ бір ғана рейтинг агенттігінің көмегіне жүгінеді. Стандартына сай сертификаты бір ғана ұйымда бар. Ол тек орыс тілді баспасөздің рейтингін жасайды. Алайда олар қазақ тілді баспасөздің, сайттардың рейтингін жасамайды. Сондықтан жарнама тек орыс тілді сайттарға беріледі. Жарнама келмегеннен кейін даму да қиын, алға жылжу да күрделі. Қазақ журналистикасы әлсіз, жаза алмайды, тақырып қозғай алмайды деген секілді сөздер әркез айтылып жатады. Қаржы болмаса, жарнама келу жолын бөгеп тастаса қалай күн көреміз? Біздің негізгі мәселе осы ғана. Егер қазақ сайттарының рейтингін жасайтындай тәуелсіз ұйым құратын күнге жетсек, сол арқылы жарнама келе бастайтын болса, нақты мәселелердің шешімін қарастыратын форумдар жасауға болады. Жарнама келіп жатса, күш алып жатсаң, сол кезде түрлі-түрлі идеялар айтып, бастамалар бастауға ешкім қарсы болмас.



«Бір де бір форум қазақ сайттарын алға жылжытпайды»



Ербол Серікбай, baribar.kz сайтының бас редакторы:


– Осы уақытқа дейін талай форумдарға қатыстым. Көптеген форумдар қазақ сайттарының дамуына анау айтқандай үлесі болған жоқ. Бірақ жылына бір рет болса да Qazforum қазақ сайттарының редакторларын жинап, қандай да бір мәселені көтеріп, талқылай айтатын алаңға айналды. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Әзірге қазіргі таңда Qazforum-нан басқа бір де бір осындай алаң жоқ. Менің түсінгенім, форумда тек талқылау ғана болса қазақ сайттары алға жылжымайды. Бірде бір форум қазақ сайттарын алға жылжытпайды. Форум аясында шеберлік сыныптарды, өз саласының мамандарын тарту арқылы дәріс сабақтарды көбейтсек, форумның салмағы артығырақ болатын еді. Жақсы нәтижеге қол жеткізген кейстерді шебердік сабақтарында өз сайттарымызда қолданып, практика жүзінде өз сайтымызда іске асырып көрсек деген ниет бар. Сондықтан форумның аясын кеңейтіп, жарты күн форум, жарты күн шеберлік сыныптары болса дұрыс болады.


«… мұндай форумдардың берері жоқ»



Жұлдыз Әбділда, журналист, медиатренер:


– Қазақ интернет журналистикасының нақты мәселесін талқылайтын платформа әлбетте, керек. Бірақ талқылау нәтиже беретін болса және сол талқылаудан қорытынды шығатын болса, онда көңілге қонады. Ал егер жылына бір рет жиналып, әркім өзінің проблемасын айтумен шектелеіп жатса, онда оның қаншалықты қажеті бар.


Qazforum деген жиынға мен бір рет қатысып көрдім. Бұрынғы форумда нендей мәселелер көтерілгенінен хабарсызбын. Ал өзім қатысқан жиында жақсы дүниелер айтылды. Бірақ одан кейінгі бір жыл ішінде сол мәселелер қайтадан көтіріліп, я болмаса бір шаралар қолға алынды ма, алынбады ма білмеймін. Егер форумда сөз болған жайттар іс жүзінде қол алынса, онда өте жақсы. Олай болмаса, мұндай шаралардың қандай пайдасы бар. Мысалы, қазір қазақ тілінде ақпарат тарататын онлайн медианың дені «жаға ұстату», «төбе шашты тік тұрғызу», одан қалса әлеуметтік желі мен WhatsApp-тың деңгейінен аспайтын ақпараттар таратумен шектеліп отыр. Бір-бірінен көшіріп басу, бір жаңалықты әрі-бері аударып береді. Және қазір кілең «өлді, қырылды, жойылды, сұмдық» деген жаңалықтарды таргет жасау трендте тұр. Егер мұндай нәрселерді келісіп, өзара өзгерте алмасақ, онда мұндай форумдардың берері жоқ.


«Қазақ сайттарының мәселесін көтеретін платформа керек»



Нұргелді Әбдіғани, Abai.kz порталының бас редакторы:


– Qazforum-ға жеке мен шақырту алдым. Бірақ белгілі бір себептермен оған бармайтынымды айттым. Бармауыма бір емес бірнеше себеп бар. Бірінші, ол маған қызықсыз. Неге? Жеке менің субъективті пікірім, бұған дейін «тоқсан тоғыз» форум өткен, бұдан кейін де «тоқсан тоғыз» форум өтеді. Бірақ нәтижесі жоқ деп есептеймін. Жеке таныстарымның арасынан осындай форумға қатыстық, инвестиция тарттық, немесе тендер алдық, жарнама алдық, авторлар таптық деген секілді сайттың шығармашылық және материалдық жұмысына қатысты пайда көрдік деген адамды естімедім. Бәлкім бар да шығар. Бірақ мен естімедім.


Бізде әдетте форумның өту формасы: даңғазадай бір үлкен ғимаратқа спикерлердің барлығын жинап алады, ол спикерлердің арасында дәл қазақ тілді ақпарат ресурстарына пікір айтып, белсенді араласып жүрмеген адамдар көбірек болады. Сөйтіп, ол спикерлер қазақ сайттарының жағдайын сөз етеді, қазақ сайттарының контентін талқылап, ақыр аяғында фуршетпен тарқасады. Бұл қазақ сайттарының шығармашылық-материалдық жағдайына әсер етпейді деп есептеймін.


Қазақ сайттарының мәселесін көтеретін платформа керек. Бірақ ол тәуелсіз болуы шарт. Жалпы қазақ тілді контенттің рейтингін түзетін, оларға контент сараптама жасайтын қазіргі платформалар көбіне көп орыс тілді платформалар деуге болады. Қазақ тілді контентке сараптама жасау үшін алдымен сол платформа өзі қазақ тілді контент жасауға араласып, оны күнделікті оқып отыруы тиіс. Бізде қазір қазақ тілді спикерлер саусақпен санарлық, ал орыс тілді спикерлердің өз аудиториясы бар.


«Қазақ онлайн медиа саласының дамуына септесетін ешқандай платформа жоқ»



Қойшыбек Мүбәрак, Qazaqtimes.com сайтының бас редакторы:


– Біздің сайттың құрылып, жұмыс істеп жатқанына үш жыл болды. Осы жылдар ішінде жобаның дамуына qazforum да айтылған, көтерілген дүниелердің ешбірінің әсері тиген жоқ. Бұл форум ғана емес, жалпы қазақ онлайн медиа саласының дамуына нақты ұсыныс, бағыт-бағдар беретін әзірге ешқандай платформа жоқ. Ал қазақ интернет журналистикасына біреулердің табыс көзіне айналып кеткен форумдардың керегі шамалы. Сондықтан қазақ баспасөзі, қазақ интернет журналистикасы өз ішінен бірігіп, ортақ мәселелерді талқылап, оның шешімін бірге табатын платформа қажет-ақ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар