"Қазатомөнеркәсіптен" шыққан шу: бұрынғы топ-менеджерлер 86 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді

Кәмшат Тілеухан 10 қыр. 2025 10:23

Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) Алматы облысы бойынша департаменті "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ құрылымындағы негізгі кәсіпорын – геологиялық жұмыстар мен технологиялық бұрғылауға жауапты "Волковгеология" АҚ-ның бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Компанияның бұрынғы басқарма төрағасы Д.Н. Молдаши екі жыл бойы орындалған жұмыстар бойынша жалған актілер рәсімделетін схеманы ұйымдастырған.

"Аталған құжаттарда "Казбурмаш СК" ЖШС-ден жеткізілмеген қосалқы бөлшектер қабылданғаны туралы жалған мәліметтер көрсетілген. Осы жалған актілер негізінде контрагентке 86 млн теңгеден астам сома аударылған. Кейін бұл қаражат заңсыз иемделген. Тергеу барысында күдіктілер келтірілген материалдық шығынды толық өтеді. Қылмыстық іс сот қарауына жолданды", делінген ҚМА хабарламасында.

Бұған дейін осы іс аясында "Волковгеология" АҚ филиалының директоры А.М. Борашев, сондай-ақ "Казбурмаш СК" ЖШС басшысы Е.С. Алипбаев пен бухгалтер Г.Ж. Токатаева 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылған болатын.

Айта кетсек, күні кеше Мемлекет басшысы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады. Қаржылық мониторинг агенттігі 720 қылмыстық істі тергеуді аяқтап, 15 ұйымдасқан қылмыстық топты, соның ішінде 3 трансұлттық топты жойғаны жөнінде ақпарат берді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар