Тайландтың Пхукет аралында 30 жастағы Қазақстан азаматы бірнеше жол-көлік оқиғасына себеп болды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жергілікті ақпарат көздерінің мәліметінше, әйел әуелі көлігінің ішінде ұзақ уақыт отырып, сыртқа шығудан бас тартқан.
Кейін көлікті ретсіз жүргізіп, полицияның ескертуіне бағынбаған. Құқық қорғау органдары оны тоқтатуға әрекет жасаған сайын жүргізуші газды басып, қозғалысын жалғастыра берген.
Қуғын барысында оның көлігі бірнеше көлікпен, оның ішінде шағын автобус пен мотоциклмен соқтығысқан. Салдарынан екі адам жарақат алған.
Полиция жүргізушіні тек көліктің бүйір терезесін сындырып, күшпен сыртқа шығарғаннан кейін ғана ұстай алған.
Алдын ала мәлімет бойынша, әйелдің эмоционалдық жағдайы тұрақсыз болған. Бұған оның жеке өміріндегі мәселелер себеп болуы мүмкін екені айтылған.
Қазіргі уақытта Қазақстан азаматшасы қамауда отыр. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл жағдайға байланысты әзірге ресми ақпарат бермеді.