Түркістан облысында шекарадан заңсыз өткізуге көмектесті деген күдікпен қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
12 маусымда Түркістан облысында Ұлттық қауіпсіздік комитеті полиция қызметкерлерімен, прокуратурамен бірлесіп, қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойды.
Тергеу мәліметіне сәйкес күдіктілер ауыр жүк көліктерінің жүргізушілеріне мемлекеттік шекарадан өту кезінде кедендік рәсімдерді жеделдетуге көмектесіп, заңсыз делдалдық қызмет көрсеткен.
Жиналған дәлелдер негізінде 17 адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Олардың бесеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тінту кезінде 5 атыс қаруы және пневматикалық қару, ірі көлемдегі ақша мен іске қатысы бар өзге де дәлелдер тәркіленген.