"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясы дивидендтер төлеуге 327,9 млрд теңге қарастырып отыр

Кәмшат Тілеухан 23 сәу. 2025 16:10 213

"Қазатомөнеркәсіп" ҰК" АҚ 2024 жылдың қорытындысы бойынша дивидендтер төлеу мөлшері мен мерзімдері туралы ұсынымдарына қатысты ақпаратпен бөлісті, деп хабарлайды Dalanews.kz ұлттық компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"2024 жылғы аудиттелген қаржылық көрсеткіштердің негізінде компанияның директорлар кеңесі 2024 жылға төленетін бір жай акцияға (бір ЖДҚ бір жай акцияға тең) 1 264,12 теңге сомасында дивиденд мөлшерін ұсынды. Ұсынылып отырған дивидендтердің жалпы сомасы шамамен 327,9 млрд теңгені құрайды, бұл компанияның қолданыстағы дивидендтік саясатына сәйкес бос ақша ағынының 75%-на тең", делінген компания хабарламасында.

2024 жыл бойынша дивидендтерді төлеу 2025 жылы 17 шілдеде басталады.

Дивидендтерді төлеу жөніндегі ұсынымдарды акционерлер 27 мамырда өтетін жалпы жиналыста бекітуі керек.

Айта кетсек, "Қазатомөнеркәсіптің" 2024 жылғы таза табысы 1 132 115 млн теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 95%-ға ұлғайды. 2023 жылы бұл көрсеткіш 580 335 млн теңгені құрады. Компанияның операциялық табысы 2024 жылы 806 849 млн теңге болды. 2023 жылмен салыстырғанда бұл реттегі көрсеткіш 19%-ға өсті. EBITDA көрсеткіші 2024 жылы 1 096 711 млн теңгені құрап,өткен жылмен салыстырғанда 32%-ға ұлғайды. Компанияның республикалық бюджетке аударған салық көлемі 720 млрд теңгеден асты, бұл өткен жылғы аударымдардан 58%-ға артық. Уран өндірісінің көлемі 23 мың тоннадан асты, ал топ бойынша сату көлемі16,6 мың тоннадан астам.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар