Қазақстан Орталық Азияда тұрғын үй құрылысы бойынша көш бастап тұр

Қазақстан Орталық Азияда тұрғын үй құрылысы бойынша көш бастап тұр
inbusiness.kz

Қазақстанда биылғы бес айда 6,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,5 пайызға көп, деп хабарлайды dalanews.kz POVestka арнасына сілтеп.

Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда 20,1 млн шаршы метр тұрғын үй салынған. Бұл көрсеткіш бойынша ел Орталық Азияда көш бастап тұр. Салыстырмалы түрде Өзбекстанда 15,8 млн, Тәжікстанда 2,1 млн, ал Қырғызстанда 1,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында тұрғын үй құрылысының көлемі бойынша Қазақстан Ресейден кейінгі екінші орында. Сарапшылар мұны белсенді урбанизациямен, ипотекалық несиелеу нарығы дамуымен және тұрғын үйдің шамамен 90 пайызын салатын жеке девелоперлік сектордың белсенділігімен байланыстырады.

Қырғызстандық саясаттанушы әрі сарапшы Бақыт Бакетаевтың айтуынша, Қазақстандағы тұрғын үй құрылысының жоғары қарқыны - мемлекеттің жүйелі саясатының нәтижесі.

"Қазақстанда қазір құрылыс қарқыны бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Бұл - бір реттік өсім емес, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрылыс саласын дамытуға және тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді саясатының нәтижесі. Кейінгі бес жылда құрылыс көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту, мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және азаматтарды сапалы әрі қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге басымдық берілді", - деді ол.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда тұрғын үй құрылысының көлемі ғана емес, оған деген көзқарас та өзгеріп келеді. Қазір жаңа тұрғын үй кешендері абаттандырылған аулалармен, әлеуметтік нысандармен және демалыс орындарымен бірге салынады.

Сондай-ақ, құрылыс компаниялары аумақтарды кешенді дамыту қағидатына көбірек көңіл бөліп, тұрғындардың өмір сүруіне, жұмыс істеуіне, демалуына және қажет қызметтерді жақын жерден алуына қолайлы жаңа аудандар салып жатыр.