"Еркіндік қанаты" қоғамдық қоры 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына қоғамдық бақылаушы ретінде қатыспайтынын мәлімдеді. Ұйым бұл шешімді күрделі әрі мәжбүрлі қадам деп атады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қордың мәліметінше, ұйым 2016 жылдан бері Қазақстандағы бірде-бір сайлау науқанын бақылаусыз қалдырмаған. Алайда биылғы Құрылтай сайлауында бақылау жүргізуден бас тарту туралы шешім қабылданған.
"2016 жылдан бері қор бірде-бір электоралдық науқанды жіберген емес. Сондықтан бақылаудан бас тарту – күрделі әрі мәжбүрлі шешім. Ол бірқатар маңызды факторларға байланысты қабылданды", – делінген қордың мәлімдемесінде.
Ұйым мұндай шешімге бірнеше себеп болғанын атап өтті. Атап айтқанда, қор өкілдері сайлау 2019–2022 жылдары басталған реформалардың іс жүзінде тоқтауы жағдайында өтіп жатқанын, бірмандатты округтерден кандидаттардың жоқтығын, балама саяси ұстанымдағы тіркелген партиялардың болмауын, сондай-ақ азаматтық қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарына қысымның күшейгенін алға тартқан.
Сонымен бірге қордың пікірінше, қалыптасқан құқық қолдану тәжірибесі бақылаушылардың рөлін формалды деңгейге дейін төмендетіп, олардың конституциялық құқықтарын толық жүзеге асыруына мүмкіндік бермейді.
"Даулы сайлау мәселелері бойынша әділ сот қарауына қол жеткізу мүмкіндігі жоқ. Бұл бақылаушылар қызметінің тиімділігіне тікелей әсер етеді", – деп мәлімдеді ұйым.
«Еркіндік қанаты» бұған дейінгі сайлау науқандары кезінде бақылаушыларды сайлау учаскелерінен негізсіз шығару, ұйым кеңсесіндегі интернеттің бұғатталуы, салықтық тексерулер жүргізу әрекеттері, бақылаушылардың жеке деректеріне қатысты мәселелер және ұйым жұмысына араласу әрекеттері тіркелгенін де хабарлады.
Сондай-ақ қор "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға енгізілген жаңа нормалар алдағы құқық қолдану тәжірибесіне қатысты алаңдаушылық туғызатынын мәлімдеді.
"Қазіргі жағдайда сайлау науқанына қатысу қор қызметкерлерінің, бақылаушылар мен еріктілердің жеке қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіруі және қор қызметінің шектелуіне әкелуі мүмкін", – делінген мәлімдемеде.
Осыған байланысты «Еркіндік қанаты» биылғы сайлау науқаны аясында бақылаушыларды қабылдамайтынын, оқытпайтынын, оларға куәлік бермейтінін және сайлау күні учаскелерге жібермейтінін хабарлады.
Мәлімдеме соңында ұйым мемлекеттік басқару ісіне бейжай қарамайтын азаматтарға алғыс айтып, қызметін Human Rights Hub платформасы мен басқа да жобалар аясында жалғастыратынын жеткізді.